Сарыағашта ерекше баланы ұрған маман жұмыстан шығарылды

фото egemen.kz

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Ақылды бала» түзету орталығында диагнозы бар ерекше баланы сүйреп, ұрған маманның видеосы әлеуметтік желіге тарады. Баланың анасы маманға кешірім берген. Облыстық білім басқармасы ол қызметкердің жұмыстан босатылғанын хабарлады. Ал полиция аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Ақылды бала» түзету орталығында ерекше күтімді қажет ететін 13 жастағы баланы орталық суретшісі ұрып, сүйреген видеосы әлеуметтік желіге тарады. Видеода маманның қолына таяқ алып, баланы бір бұрышқа отырғызып сөйлескенін де байқауға болады.

Баланың анасы Гүлжауһар Жорабекованың сөзінше, сабақтан алып кетуге барғанда ұлы орталық қызметкерінің өзін ұрғанын айтқан. Орталықтағы бейнебақылау камерасын қараған ол, болған оқиғаны видеоға түсірген. Видеоны туыстары әлеуметтік желіге салған. Ал баласының денесі көгерген, қорқып қалған. Ол бір маманның қателігінен орталық жабылып, ерекше балаларға кесірім тие ме деп алаңдайды. Сондықтан баласын ұрып, сүйреген маманға кешірім бергенін айтады.

Гүлжауһар Жорабекова, ерекше баланың анасы: «Бұл мекеме жабылмай-ақ қойсыншы. Жалғыз менің балам деп қанша бала зардап шекпесінші деп отырмын. Ол балалар да менің балам сияқты ерекше балалар ғой. Менің бар үмітім балам келіп, мектепке барайыншы деп жылайтын еді үйде оқыған кезде. Енді мектеп ашылды, келді деп қуанды ғой бұл. Мектепке барамын оқимын деп. Енді келді да, мынау болды».

Өткен жылы ашылған орталық аудандағы түрлі диагнозы бар ерекше балаларға тегін қызмет көрсетеді. Орталық директоры Бағдәулет Сәбитовтің айтуынша, бұл адамның ақылына сыймайтын жағдай. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған маман – суретші болып жұмыс істеген. Ол балалармен арт-терапия жүргізеді. Орталық қызметкері өзінің іс-әрекетін баламен ойнадым деп түсіндірген. Ойынды асыра сілтеп жібергенін айтып өкінген.

Бағдәулет Сәбитов, «Ақылды бала» түзету орталығының құрылтайшысы: «Адамның аласы ішінде» демекші, біз мұндай болатынын күтпедік. Бала жастық жасады. Біз оны ешқайсысын жасырмаймыз. Балаға, маманға қандай шара қолдандық? Біз ауыр түрде сөгіс жарияладық. Және де жұмыстан босаттық».

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған оқиғаға қатысты ешкім шағым түсірмеген. Дегенмен факт бойынша Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Баланы ұрды деген маманмен бірге оның ата-анасынан да жауап алынған. Ал облыстық білім басқармасы жекеменшік коррекциялық орталықтағы жағдайдан хабардар..

Нұрлан Сұлтанбек, Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы: «Түркістан облысының білім басқармасы бейнематериалда көрсетілген жағдайды назарға алып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізді. Оқиға жекеменшік коррекциялық орталықта орын алған… Бүгінде балаға қажетті психологиялық қолдау көрсетілді. Қазір баланың жағдайы жақсы, тұрақты».

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 200 мыңнан аса бала бар. Ал түзету орталықтарының саны 500-ге жуықтайды. Ондағы бала саны 8 мыңнан асады.