Тұран ықшам ауданындағы №51 мемлекеттік балабақша жабылып жатыр. Бұған балабақша қызметкерлері мен ата-аналар қарсы. Білім басқармасы ғимарат ескі дейді. Ал балалар мен қызметкерлер далада қалмайды деп сендіреді.
Бүгін Шымкент қаласы Тұран ықшам ауданындағы №51 мемлекеттік «Әлихан» балабақшасының қызметкерлері мен ата-аналары қала әкімдігіне барды. Айтуларынша, мемлекеттік балабақша жабылу алдында тұр. Ал ата-аналар бұған қарсы.
Жиналғандар қала әкімдігінен жағдайды түсіндіріп беруді сұрады. Балабақша қызметкерлерінің сөзінше, мекемені жабу туралы алдын ала ескертілмеген. Тек балабақша меңгерушісі ауызша хабарлаған. Бұған қоса қызметкерлер жалақысын толық алмаған. Әлеуметтік төлемдері төленбеген. Тіпті соңғы үш айда күзетшілер жалақы алмапты.
МЕРУЕРТ БЕГІМОВА, БАЛАБАҚША АСПАЗШЫСЫ: «Шешім шыққан жоқ, бұйрық көрген жоқпыз балаларды жекеменшік балабақшаға өткізіп жатыр. Бізді сол жекеменшік балабақшаға барып жұмыс істейсіңдер дейді. Тапқан шешімдері. Қалай біз мемлекеттікте істеп, енді жекеменшікке барамыз? Оқтябрь, ноябрь 50 пайызбен алып келген едік. Еңбек инспекциясына бардық. Прокуратураға бардық. Екі айды төлеп берді. Ноябрьды төлеп береміз деді. Уәделерін беріп, мөрін басып берді. Бірақ төленген жоқ».
Жалпы балабақша 65 адамға шақталған. Дегенмен мұндағы бала саны елуге жетпейді. Ал бала қабылдау тоқтатылған. Сәйкесіше, балабақша қызметкерлерінің жалақысына, баланың тамағы сияқты мекеменің шығысына мемлекеттен бөлінген қаржы жетпейді. Сондықтан ондағы балалар мен қызметкерлерді көрші орналасқан жекеменшік балабақшаға ауыстыру жоспарланған. Десе де бұған қызметкерлер мен ата-аналар келіспей отыр.
ЖАНАР ҚАРАБАЕВА, АТА-АНА: «Ауданымызда жалғыз мемлекеттік балабақша бар. Оны да жабайын деп жатыр дейді. Ешқандай себепсіз. Ремонтқа жабатын болса үш ай жазды алсын деп отырмыз. Екі күнде шешім шығарып, бізге балаларыңды алып кет деп жатыр. Жекеменшікте жеңілдік жоқ. Біз осал отбасына қараймыз. Ал ол жақта ондай жоқ».
АЙМАН ТОҚСАНБЕКОВА, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ: «Қасымыздағы жекеменшік балабақшадан жұмыс тауып береміз, сол жерге барыңыздар дейді. Ол жердің жұмыс кестесі де, жалақысы да сай келмейді. Мемлекеттік жұмыс қой. Заңға бағынасың. Жекеменшікте қандай болатынын біз білмейміз. Ата-аналарға балаларды ауыстырғанмен біз ол жаққа бармаймыз десек, бармасаңыздар ол жаққа бермейміз деп отыр. Жалақы үнемі кешігіп түседі. Пенсионка, мед страховка сияқты әлі төленбей жатыр. Айтсақ қаржы жоқ, қаржы жетіспейді. Сендер өз өздеріңді қамтамасыз ете алмайтын балабақшаға жатасыңдар дейді басшылық».
Қалалық білім басқармасы балабақшаның жабылатынын растады. Себебі балабақша ғимараты қауіпсіздік талабына сай емес. Ал ондағы балалар мен қызметкерлер далада қалмайды. Балалар жекеменшік балабақшаларға ауыстырылады. Қызметкерлерге жұмыс ұсынылады.
ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Әлихан» бөбекжай балабақшасы №51-ші жағдайы өте нашар. Жанында жекеменшік балабақша бар. Соған балаларды ауыстыруға үсыныс беріп жатырмыз. Балабақшаға кап ремонт жасауға ұсыныс енгізіп жатырмыз. Одан бөлек бұл балабақша арнайы балабақша ретінде салынған емес. Сондай ғимарат. Алдағы уақытта жанынан балабақша салуды жоспарлап отырмыз».
Басқарма басшысы қызметкерлердің барлығын жұмыспен қамтуға уәде етті. Бірақ жалақысы салыстырмалы түрде төмендеу. Қазір балалар жекеменшік балабақшаға алмасуды бастаған. Оларға айлық төлем мемлекеттік балабақшадағыдай 15 мың теңгеден аспайды, осал отбасыларға жеңілдік беріледі.
Дилара Иса







