Шымкентте жаңа Конституция жобасын талқылау және түсіндіру бойынша кезекті кездесу өтті. Іс — шара қаладағы «Болашақ» колледжінде ұйымдастырылды. Білім саласының мамандары жаңа Ата заңның кейбір тұстарымен келіспей отыр.
Жаңа Конституция жобасына түзетулер қажет. Мұндай пікірді Шымкенттегі «Болашақ» колледжінің мамандары білдірді. Олар жаңа Ата Заңнын 33-бабын қайта қарауды ұсынып отыр. Сала мамандары білім беру мәселесіне қатысты баптарды түбегейлі өзгертпей, тек шағын түзетулер енгізу жеткілікті деп санайды.
САТТАР ҚУАШБАЕВ, «БОЛАШАҚ» КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Білім саласы бойынша 30 бап, 33 баптар бар. Негізгі мектепті қоспай отыр. Кешегі конституция жобасында. Бастауыш білім, негізгі білім және жоғары білім. Сол үшеуін біріктіріп, бәрін бірдей қазақ тілі, орысты тілі демей бәрі негізделсе деген ойдамыз»
Білім саласының өкілдері колледждер мен университеттердің мәртебесін теңестіруді де ұсынды. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының дамуына серпін береді екен. Ал жастар бұл бастаманы қолдап, оны колледж студенттері үшін тиімді мүмкіндік деп бағалап отыр.
ДИАНА ҚАСЫМ, СТУДЕНТ: «Заңға өзгерістер енгізіп жатқаны ол — адами капиталға көңіл бөлуі. Яғни, біздегі білім сапасына одан да жақсарту, колледждердің білімін бұрынғы уақытқа қарағанда қазір ерекше көңіл бөлуі. 2025 жылды “жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялағаны мына біз колледж қабырғасында оқып жатқан студенттерге өте үлкен мүмкіндік болды. Яғни, біздерге көңіл бөлініп, көптеген іс-шаралар жүргізілді»
Ел ішінде жаңа Ата заң жобасы қызу талқыланып жатса да, одан бейхабар тұрғындар әлі де бар екен. Алайда халық арасында өзгерістерді қолдап, өз ойын ашық айтқан жандар да кездеседі.
«Қылмыстық істерді азайтуға байланысты көп өзгеріс енгізіліп жатыр. Мен соны қолдаймын. Оны қатаңдату керек сияқты. Мысалы, пдф қатысты, адам өлтіруге қатысты, отбасыда болып жатқан әйелдерді қорлау, балаларды қорлау деген сияқты. Балаларға деген ата ананың жауапкершілігін қатаңдатса, қатайтса соны»
«Өзгерістерді оқымадым, уақытымыз жоқ қой. Азанда кетеміз. Кешке қайтамыз»
«Ия, неге қолдамасқа? Себебі демократия өзгеруі керек. Қазақстан қазір жаңа Қазақстан. Барлығы өзгеруі керек»
Айта кетейік, Жаңа Конституция жобасы ашық форматта талқыланып жатыр. Азаматтар бұл үдерісті тікелей эфир арқылы бақылап отыр. Ал қолданыстағы Ата заң кезінде жабық жағдайда, бар болғаны 12 адамның қатысуымен қабылданған екен.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ: «95 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы ата заңды қабылдау кезінде 12 адамнан тұратын сарапшылар кеңесі құрылған болатын. Сол 12 адамның тоғызы елдің азаматы, қалған үшеуі әртүрлі елден шақырылған шетел мамандар. Әрине олар білікті мамандар болған шығар. Бірақ біздің елдің тарихын, мәдениетін жетік білді, оны кесіп айта алмаймыз».
Қоса кетейік, бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтеді. Жиын барысында билік өкілдері әрбір бап пен тармақтағы әрбір сөзді жан-жақты талқыламақ.
Лаура Бабас






