Ұлағаттық тұрғындар шаңы шыққан жолдан шаршаған

фото Отырар

Шымкенттегі Еңбекші ауданына қарасты Ұлағат шағынауданының тұрғындары шаңы шыққан нашар жолдан әбден мезі болған. Талай рет әкімдіктің есігін қаққанымен мардымды жауап болмады деп отыр. Бұдан бөлек, жарықсыз көшеде итке таланатын жағдайға жеттік дейді. Ал, ауырып қалсаң, жедел-жәрдемді жеткізу мұң екен. Ашуға булыққан тұрғындар, арнамызға арызданып шарасыз күйде жүргендерін жеткізді.

«Біз Ұлағаттықтар әбден шаршадық. 21 ғасырда өмір сүріп жатыр деп кім айтады бізді? Міне бүгін тағы жиналдық. Көшеміз жарықтандырылмаған. Бұл не деген масқара…».

Ұлағат шағынауданының тұрғындары құрғақ уәдеге әбден тойған. Өйткені, талай жылдан астам, ойдым-ойдым жолда қатынап, әуре-сарсаңға түскен. Қала берді, қаңғыбас иттерден аяқ алып жүре алмайсың дейді. Жергілікті ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдап, тыным таппаймыз деп отыр.

Феруза Қарабекова, Қала тұрғыны: «Бізде жарық жоқ. Көше қараңғы. Балаларды жіберуге қорқамыз. Тіпті, дүкенге жібере алмаймыз. Өйткені, иттер қаптап жүреді. Жанымызда балабақша бар. Оларды апарып, алып келу қиын. Көшемізге жедел-жәрдем шақырсақ, кіре алмайды. Бұл жолмен жүре алмайды. Ал, автобустар тербеліп жүреді. Тіпті сол автобустың доңғалағы шұңқырға түсіп кеткен кездер де болды».

17 жылдан бері асфальт жол көрмеген тұрғындар, өз қалтасынан шағал тас төсеп күнін күнелткен. Билік оны да көп көрді деп отыр. Кәріз жүйелерін жүргіземіз деп шағал төселген жолды қазып тастапты.

«Әр көше өзіміз қалтамыздан ақша шығарып, көшемізді жөндеп жүргенбіз. Бірақ, жауаптылар кәріз жүйесін жүргіземіз деп, қопарып тастады. Кімге барып айтамыз, не істейміз. Біз білмейміз. Қатты шаршадық»…

Ғани Дайрабаев, Қала тұрғыны: «Мен бұл Ұлағат шағынауданында 10 жылдан бері тұрамын. Бірақ, осы уақытқа дейін жатпадым. Осы жол бойынша қандай проблема бар. Одан қалса, әжеутеуір жол бар еді. Оны бұзды. Тротуарды да бұзды. Былтыр күзде. Қыс бойы балшық болып, машиналар жүріп жатыр. Ходовкадан-ходовка қалған жоқ. Халықтың жағдайын істемесе, білмеймін. Мегаполиске ұқсамайды. Ауылды жерлерді көріп жүрміз ғой. Мұндай проблемалар жоқ».

2021 жылы аймақта кәріз жүйесі жүргізіле бастаған. Жұмыстан кейін жол асфальттануы тиіс еді. Алайда құрылыс аяқталғаннан кейін елеулі заңбұзушылықтар анықталып, мердігерлер оны жоюға уәде берген. Мерзім өтіп кетті, бірақ жағдай әлі күнге өзгерген жоқ. ТКШ және энергетика басқармасы жауапты қызметкерлердің жоқтығын айтып, жағдайға түсініктеме беруден бас тартты.

Басқармасының жауапты мамандары, бірі еңбек демалысына кетсе, енді бірі еңбекке жарамсыздық парағын алған. Ал Еңбекші ауданының басшылығы жауапты жоғарыдан іздеңіздер деп қысқа қайырды. Сұрақтардың жауапсыз қалғанына қарағанда шағын аудан тұрғындары әлі де шаң кешіп, жарықсыз көшедегі бұралқы иттерден қауіптеніп өмір сүруін жалғастыратын сыңайлы.

Нұргүл Жолымбетова