Түркістан облыстық прокуратурасының мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау заңдылығына талдау жүргізген. Нәтижесінде тұрғындардың аталған көмекті алу үшін тұрмысы төмен отбасылардың үй-жайын көрсеткені анықталған.
«Атап айтқанда, 2022- 2023 жылы Жетісай ауданының 17 тұрғыны өздерінің нақты тұрғылықты мекен-жайын жасырып, барлығы бір аз қамтылған отбасының үйін көрсеткен. Осыған ұқсас жағдайлар Жетісай ауданымен бірге Сайрам және Сарыағаш ауданында да анықталған»
Түркістан облыстық прокуратурасы
Нақтырақ айтқанда, Жетісай ауданында – 65, Сайрам ауданында – 3 және Сарыағаш ауданында 1 адам атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз рәсімдегені белгілі болды. Салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 17 миллион теңге залал келген. Аталған заңбұзушылықтар бойынша уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісі енгізілгені хабарланды.
Дилара Иса






