Úı ANONS Балалардың құқығын қорғау басқармасы құрылады

Балалардың құқығын қорғау басқармасы құрылады

Шымкентте балалардың құқықтарын қорғау бағытында жаңа басқарма құрылмақ. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бұл бастама наурыз айының соңында қала әкімінің қаулысымен бекітілген. Қазіргі таңда басқарма Әділет департаментінде тіркеуден өтіп жатыр. Жаңа құрылым балалардың құқықтарын қорғау ісін жүйелеп, саланың дамуына серпін бермек.

ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бұл сала өте маңызды күрделі сала болғандықтан наурыз айының соңында қала әкімінің қаулысы қабылданды. Біздің басқармадан бөлек шығып, балалардың құқығын қорғау басқармасы құрылды. Әділет департаментіне тіркеуге жолданды. Осы бір айдың көлемінде бөлек басқарма құрылып, осы сала бөлек жұмыс жасайды, дамитын болады, балалардың құқығын қорғайтын болады».

Шымкентте 800-ден аса жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Қалалық білім басқармасының дерегіне сәйкес, олардың 670-і отбасылық тәрбиеде. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қорғау орталығында 120 бала болса, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықта 19 бала тәрбиеленуде.

Әлеуметтік мәртебесіне қарай олардың 359-ы жетім, қалғаны ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Айта кетейік, 2-наурыз күні Қазақстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетуге қатысты заң күшіне енді. Соған сәйкес, әр аймақта арнайы көмек көрсету кабинеттері ашылады. Енді балалар барлық қажетті қызметті бір жерден ала алады. Атап айтқанда, психологиялық кеңестен бастап сот-медициналық сараптамаға дейін толық көмек көрсетіледі.

Дилара Иса