15 жыл қараусыз жатқан алқапқа 200 түп ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жасалған игі іске қала әкімі мен тұрғындары бірлесе атсалысты. Мақсат – өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру.
15 жыл. Дәл осы аумақтың гүлденуін тұрғындар осынша уақыт күткен. Айтуларынша бұл шатқал қоқыс алаңына да айналған екен. Бір кездері қолға аламыз деп аяқсыз, қараусыз қалған шатқалға қазірде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аймақты жаңарту жұмыстарына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы келіп, көшет отырғызды. Тұрғындар дән риза.
Ақмарал Молдиярқызы, қала тұрғыны: «15 жыл дегенде осы жерге жол салынып, ағаш егіліп жатқанын көріп отырмыз. Осыны көретін күн бар екен. Соған қуанып істі аяғына дейін жеткізген қала әкіміне арнайы рақметімізді айттық».
Мамандар мұнда егілген ағаштар өзіміздің тұқымбақта өсірілген, жергілікті ауа-райына бейімделген шынар, қарағаш дейді. Көшеттерді суаруда автоматты жүйе қолданылған. Күніне 2 рет суғарылады. Алдағы уақытта жасыл желек күтіміне арнайы мамандар жауап береді.
Әбілхайыр Оңғар, Қалалық жайлы орта басқармасының басшысы: «500 мың кв/м көгалдандыру жүйесін жүргізіп, су жүйесін жүргізіп көгал ектік. Сол аумақтың барлығына ағаш егілетіін болады. Жалпы шақырымы 57 шақырым. Бұл жерде басым бағыттарда Жаңадан құрылған Шымкент сити, Тұран ш/а Астана сол секілді елді мекендерге егіп жатырмыз».
Айта кетейік, бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 200 көшет отырғызылды. Мамандар бұл көрсеткішті алдағы уақытта 1800 –ге жеткізуді жоспарлап отыр.
Ботакөз Әнуар






