Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының тұрғындары соңғы уақытта экологиялық мәселеге ерекше алаңдаулы. Айтуларынша, ауыл іргесіндегі мақта алқабында қолданылатын химиялық заттар мен ауыр техникалардан шығатын қалдықтар қоршаған ортаға зиянын тигізіп отыр. Өндіріс барысында көтерілген шаң-тозаң мен улы иіс желмен араласып, ауыл ауасына тарайды дейді олар.
Бұл мәселені алаңдап жүргендердің бірі — су қорықшысы әрі «Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі Қайролла Аймырзаев. Талай жыл табиғатты қорғау ісінде жүрген маман, бүгінде жүздеген шақырымды алып жатқан мақта алқабының әсеріне бейжай қарай алмайтынын айтады. Оның айтуынша, егістікке себілген химиялық дәрілер мен техникалардың шығаратын газдары жердің де, ауаның да ластануына себеп болып отыр. Ал оның зардабын ең алдымен ауыл тұрғындары тартады дейді.
Қайролла Аймырзаев, сырдария өзені 4-ші балық учаскесінің су қорықшысы: «Бұл жерге көптеген техника келіп жұмыс істейді. Көмірқышқыл газы шығады. Одан арысы осы мақтаны егу үшін көптеген дәрі себіледі ғой. Аты көп. Оның бәрі бірден жердің астына сіңіп кетпейді. Ол кепкеннен кейін ұшады».
Жергілікті тұрғындар мәселені шешу үшін қарапайым, бірақ тиімді ұсыныс айтып отыр — өндіріс жиегіне бойлай ағаш отырғызу. Айтуларынша, бұл зиянды шаң мен химиялық иістердің ауылға жетуін азайтуға сеп болар еді. Тұрғындардың бұл талабынан аудан әкімдігі де хабардар болып шықты.
«Мақта алқабының жиегіне Сарыкөл ауылынан Ызакөл ауылына дейінгі жолдың бойына инвестор тарапынан ағаш егу бойынша келісім жасалған. ‘Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені’ ЖШС күзгі егін жинау аяқталған соң және ағаш егу науқаны басталған соң жұмыстарды бастау жоспарлануда».
Отырар ауданының әкімдігі
Ал бұл мәселені назардан тыс қалдырмаған «Байтақ» жасылдар партиясы аймаққа арнайы келіп, жағдаймен танысты. Ұлы даланың жасыл елшісі атанған Сапар Жаймурзин соңғы төрт ай бойы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, экологиялық ахуалды өз көзімен көріп жүр. 13 қаланы артқа тастап, Түркістан облысына жеткен ол, еліміздегі табиғаттың тозып бара жатқанына алаңдайды.
Сапар Жаймурзин, «BAITAQ» жасылдар партиясының мүшесі: «Өкінішке қарай, Президентіміз айтқан «Таза Қазақстанға» жету меніңше алыс. Шынымды айтсам, жолға шықпай тұрып жағдай мұндай ауыр деп ойламаппын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда жағдай айтарлықтай өзгермеген. Кейбір жағы керісінше қиындады демесек. Бұл — біздің ел болған соң, жауапкершілік те ортақ. Болашақ ұрпағымыз үшін мәселені шешуіміз керек».
Табиғат — тіршіліктің тірегі. Ал адам денсаулығы мен қоғам саулығы қоршаған ортаның тазалығына тікелей байланысты. Сол себепті, партия өкілдері экологиялық түйткілдердің назарда болуын, әрі бұл мәселенің тиісті деңгейде талқыланып, нақты шешім қабылдануын көздеп отыр.
Ботакөз Әнуар






