Қабырғалардағы терең жарықтар, тоқтаусыз шу және қауіпсіздік үшін алаңдау —дәл осындай мәселемен Алдияров көшесінің тұрғындары бірнеше жылдан бері өмір сүріп келеді. Олардың айтуынша, мұның бәрі іргесіндегі құрылыс жұмыстарынан. Енді тұрғындардың мазасын алып отырған тұрғын үй іргетасына жақын жер асты жылу құбыры тартылмақ. Тұрғындар неден қауіптенеді? Билік пен құрылыс компаниясы не дейді?
«Бізде жарықтың кету себебі осыдан. Қазір кез-келгені үйін сатамын десе апаттық деп ешкім қарамайды. Бізді тексерсін. Мынаның себебін тапсын. Қазірдің өзінде 1метр жерді қазсаң астының бәрі нам».
Алдияров көшесіндегі тұрғын үйдің қабырғаларындағы сызаттар көзге анық көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, алғашқы зақым 2019 жылы байқалған. Сол кезде үйдің жанындағы құрылыс тоқтатылған еді. Алайда шамамен бір жыл бұрын жұмыс қайта басталған. Тұрғындардың ендігі өтініші, жер асты жылу құбырларын үйлеріне жақын жерден жүргізбесе. Өйткені олар, онсыз да сапасы сын көтермей тұрған үйлері, апат болып молаға айнала ма деп қорқады.
Жиенкүл Жазықбаева, Қала тұрғыны: «Мынау қазып жатқан жылу құбырларын ыстық суды өздерінің арғы жағында жер жатыр қызыл. Өздерінің сатып алған жері. Сол жерден өткізсін болмаса қоршаудан ары әкетсін».
Байділдә Нұрсейітов, Қала тұрғыны: «Екеуі де неден құлады. Басты себеп жаңағы жылу суы ауыстырмай, астына кеткен. Содан қазір ол үйлер 2 бөлініп қалды. Ал мұны балалар кепілдік береміз дейді. Оған ешкім гарантия бере алмайды. Оның үстіне ыстық су мынаның астына кетсе ол дем арасында».
Бұл үйдің мәселесін біз бұған дейін де көтерген едік. Сол кезде құрылыс рұқсат құжаттарынсыз жүргізіліп жатқаны анықталған болатын. Еңбекші ауданы әкімдігінің мәліметінше, жағдай әлі де өзгермеген — құжаттар бұрын да болмаған, қазір де жоқ.
Пернебек Айтжанов, бөлім басшысы: «Өткен аптада біз әкімнің орынбасарымен бірге осы жерге бардық. Мұнда құрылыс жүргізуге рұқсат беретін ешқандай заңды құжат жоқ. Бұдан бөлек, жеке жылу компаниясы да құбырларды көшіруге немесе бұзуға рұқсат бермеген. Құжаттарды сұрағанымызда, құрылыс компаниясы ештеңе көрсете алмады. Қазір «Нұр Арыстан» жеке компаниясы құрылысшыларды сотқа берді, сот шешімін күтіп отырмыз».
Ал жылумен қамтуға жауапты «Нұр-Арыстан» ЖШС-де де құрылысшылардың өз бетінше құбырларды алып тастағанына таңданып отыр. Өйткені жылыту маусымы жақындап қалған шақта мұндай әрекет ондаған үйді жылусыз қалдыруы мүмкін.
Мыктыбек Бекеев, «Нұр-Арыстан» ЖШС құрылтайшысы: «Жаңағы балабақша мен 10 шақты ғимараттарға жылу береді. Бірақ өткен аптада біздің құбырларымызды заңсыз түрде, ешқандай келісімсіз бұзып тастады. Ол заңсыз деп есептейміз».
Мақсұтхан Әлібеков, «City Stroy» құрылыс компаниясының учаске бастығы: «Құрылыстың ең соңғы технологияларын қолданып астымен өткізуе тырысып жатырмыз. Тұрғындарға жағдайын жасап береміз. Мына жақта брусчатка, баспалдақ жасап береміз. Мына жаққа автотұрақ қой дейді. Бұл жерге қалай қойылатынын білмеймін бірақ әрекетін жасаймыз».
Бұл құрылыс үй тұрғындары үшін үлкен сынаққа айналған дерсің. Енді мәселені сот қарайды. Әкімдіктегілердің айтуынша, мамандар үйді тексеріп, зақымның деңгейін анықтайды. Тексеріс қорытындысынан кейін ғана бұл ғимараттың апатты деп танылатыны немесе танылмайтыны белгілі болады.
Ботакөз Әнуар

