Құрылыстың кесірінен көпқабатты үйдің қабырғаларына сызат түсіп жатыр

117
Алдияров көшесіндегі №72 үйдің жанында құрылыс нысаны салынуда

Еңбекші ауданына қарасты Алдияров көшесіндегі №72 көпқабатты үйдің тұрғындары арнамыздан көмек сұрауда. Үйлерінің  жанында құрылыс басталғалы Алдияров көшесіндегі үй тұрғындарының мазасы қашты.

Көпқабатты үйдің қабырғасында сызат пайда болды деп дабыл қағады ауланың белсенділері.

Жиенкүл Жазықбаева, Еңбекші ауданының тұрғыны: «Өзддеріңіз байқадыңыздар, бірінші подъездің бірінші қабатында сызат, төртінші қабатында плита құлайын деп тұр. Құрылыстағы техника жұмыс істегенде, жер сілкінісі болғандай отырамыз, үйіміз селкілдеп».

Тұрғындардың пайымдауынша, тұрғын үй мен құрылыс нысанының арасында талап етілетін қашықтық сақталмаған. Ал, құрылыс талаптарына сәйкес көпқабатты үйлердің арасындағы қашықтық 20 метр болуы шарт. Қала берді, құрылыс бастаудың алдында құзырлы мекемеден рұқсат алу керек.

Жеңіс Байымбетов, Шымкент қаласының сәулет және құрылыс басқармасының басшысы: «Бірінші қадам біздің басқармаға өтінім береді. Құрылыстың мақсатын растайтын құжаттарды, эскизін тапсырады. Сарапатмадан өтеді. Талапқа сай болса, рұқсат беріледі».

Ал, көпқабатты үй ауласында жүріп жатқан құрылыстың ондай рұқсаты жоқ болып шықты. Бір кездері бұл орында екі қабатты үй болған. Жерасты жылу жүйесі жарылып, үйге зақым келгендіктен тұрғындары көшірілген. Сол босаған үй жеке меншікке берілген еді.

Шынар Оразова