Úı ANONS Тағылымды турнир — Мардан Сапарбаев мұрасына құрмет

Тағылымды турнир — Мардан Сапарбаев мұрасына құрмет

Шымкент төрінде дара тұлға, ғалым, ұстаз әрі спорт жанашыры Мардан Сапарбаевтың есімі тағы бір мәрте ұлықталды. Ол – ел спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, талай чемпионның бапкері, ұлт рухын биіктеткен ұстаз. Бірегей тұлғаның құрметіне грек-рим күресінен 31-ші республикалық ашық турнир өтіп жатыр.

Қаламызда грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған 31-ші мерейтойлық республикалық ашық турнир басталды.
Саналы ғұмырын білім мен спортқа арнаған ұлағатты ұстаздың жетекшілігімен 90-нан астам спорт шебері, әлем және Қазақстан чемпиондары тәрбиеленді. Ал олардың 48-і бүгінде елге еңбегі сіңген жаттықтырушы атанған. Дүбірлі додада әлемнің бес елінен 300-ден аса палуан боз кілемде бақ сынайды. Ашылу салтанатында атақты профессордың ұрпақтары ел абыройын асқақтатып жүрген жас спортшыларға сый-сияпаттарын табыс етті.

айдос Сұлтанғали, Грек-рим күресінен әлем чемпионы:  «Күресетін бауырларым Алпамыс, Нұрбол және өздеріңіздің тумаларыңыз, батырларыңыз Мейіржан Шермағанбет деген бауырыма жанкүйер болуға келдім. Бұйырса, күресін көріп, қолдау етеміз. Достарыма болысайын деп келдім, ортаға шығарып, өздері сый-құрмет көрсетіп жатыр. Өте қуаныштымын. Рақмет!».

Білектілер бәсекесінде Чехия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және еліміздің барлық өңірінен келген палуандар боз кілемге шықты. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бұл турнир жас спортшылар үшін үлкен мектеп саналады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін дода жаңа есімдердің жарқырап шығуына, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады дейді мамандар.

Өзі де 1990-жылдары үш жыл қатарынан осы турнирге қатысқан Олимпиада чемпионы, білікті бапкер Юрий Мельниченконың айтуынша, Мардан Сапарбаев атындағы жарыс – жастар арасындағы ең беделді әрі тағылымы зор турнирдің бірі.

Юрий Мельниченко, грек-рим күресінен ҰҚ бас бапкерінің кеңесшісі: «Бұл турнир палуандар арасында өте танымал. Себебі ол халықаралық деңгейде өтеді. Жыл сайын түрлі елден спортшылар қатысады. Әсіресе көршілес мемлекеттер бірнеше құраммен келеді. Ал Еуропа мен Азияның үздік палуандары да, Қытай елінен де балуандар келіп тұрады. Сондықтан жарыстың деңгейі өте жоғары. Өзім де үш рет осы турнирде күрескенмін. Ол кезде жеңімпазға ең танымал теледидар сыйлыққа берілетін. Барлық сайыс жоғары деңгейде өтеді».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жарыс – ел чемпионатына дайындық ретінде өтіп жатыр. Бұл – ұлттық құраманы іріктеудің алдындағы маңызды сынақ. Палуандар дәл осы боз кілемде өз бабын байқап, шеберлігін шыңдайды.

Ермек Сатыбалдыұлы, №15 жекпе-жек спорт мектебінің директоры: «Бұл жерде Нұрбақыт Теңізбаев, Кепесбаев, Тыналиев сияқты мықтылар күрескен. Осындай жарыстардың арқасында біздің спортшылар әлемдік деңгейге көтеріледі. Желтоқсан айында ел чемпионаты өтеді, ұлттық құраманы іріктейді. Сол жарысқа дайындық ретінде өз біліктілігін осы турнирде шыңдап жатыр. Мықты палуандар жылына 1-2 рет осындай беделді турнирлерде күш сынасуы қажет. Сол үшін бәрінің уақыты арнайы осы күнге тураланды».

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль мен диплом табысталып, 300, 200 және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Мардан Сапарбаев атындағы ашық турнир – тек спорт мерекесі ғана емес, ұлт рухын көтеріп, жас буынды жігерлендіретін тағылымды дәстүрге айналды.

Әсел Мәлік