Úı ANONS Жаңа серпін: Цитадель қайта жаңғырды

Жаңа серпін: Цитадель қайта жаңғырды

Жағымды жаңалық. Талай жылдан бері жабық тұрған Цитадель жаңа кейіпке енеді. Этноауылдағы 3,8 гектар аумақты түлету жұмыстарына инвестор тартылады. Бұл туралы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мәлім болды. Жиында Туризм басқармасының басшысы атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, туристерді тарту бойынша тірліктерімен бөлісті. 

Қаладағы туризм саласы жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Десе де, атқаратын шаруа да аз емес. Мәселен, тарихымыздан хабар беретін, мәдени орындар жөндеуден өткізілмек. Сонымен қатар, Шымкентте демалыс орындарының саны артпақ. Айтулы тақырып қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Жиында кеңес мүшелеріне саланың дамуы, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту және жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар таныстырылды.

Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы: «Этноауыл қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан жоқ. Қазіргі таңда тиісті инвестормен жұмыс жасап, осы желтоқсан айынан бастап, 3,8 гектар жерді беру жоспарлануда. Этноауыл аумағын наурыз айында аяқтап, наурыздың бір бөлігін өткіземіз деген ойдамыз. Сонымен қатар, гастрономиялық қала біздің жоспарымызға сәйкес, қалада гастрономиялық аллея, гастрономиялық көше ашу жоспарымыз бар. Тиісті орындарда бекітілді».

Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы ең көне әрі көрнекті орындардың бірі Цитадель тарихи-мәдени кешенін туризм басқармасының қарамағына өткізуді сұрады. Қазір бұл нысан мәдениет басқармасының баланысында. Алайда, бұл саланың мамандары этноауылды қараусыз қалдырғандай. Өйткені, өңірдің туристік брендіне айналатын мекен, бүгінде қаңырап бос тұр. Жағдайы да адам аярлық күйде.

Кенжехан Төлебаев, қоғамдық кеңес мүшесі: «Біздегі тарихи орын ол цитадель. Ол қазір мәденеиет басқармасының балансында. Соны туризм басқармасына берсек деген ұсыныс. Өйткені, туристік база. Ол бекерге тұр».

Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар, Бадам су қоймасының маңындағы демалыс орындарына тоқталды. Кеңес мүшелері туристерді тарту жұмыстарының сапасына мән беру керек деп отыр. Қала берді, жеке кәсіпкерлер бос жатқан жерлерді иемденіп алған дейді.

Момбек Амангелдиев, қоғамдық кеңес мүшесі: «3,5 гектар әжептеуір жер. Ол жерде бір гектар жер жоқ. Бәрін алып қойған. Жыланбұзғаннан келетін су, ол суға не араласып кетпейді. Бадамда суды азайту керек. Жазда су болмай қалады. Қалай туристерді тартасың».

Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы: «Рахат- Бадам» деген ЖШС -не берілген. Қазіргі таңда ол жер жабық. Қоршалған. Өзіңіз айтқандай, толық инфрақұрылым мәселесі шешілмеген. Киініп-шешінетін орын жоқ. Абаттандырылмаған. Қазір бұл мәселені көтердік. Мемлекетке қайтару бойынша жұмыс істеп жатырмыз».

Айта кету керек, қалаға туристерді тарту бойынша бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, «Өмір Шымкент» жобасын жүзеге асыру жолға қойылған. Қазіргі таңда, бірінші кезең бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, наурыз айында аяқталады деп күтілуде. Жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Мұнда 38 гемпинг, 18 капсулалық үйлер, мейрамхана, бассейн мен спорттық алаң да қарастырылмақ. Одан бөлек, жылқыны ұстау және шарап дайындау аумағы орналасады дейді мамандар.

Нұргүл Жолымбетова