Шымкент қаласы жылыту маусымына 99 пайыз дайын. Бүгінге дейін жылу желілеріне толық тексеру жүргізіліп, жоғары қысым беру барысында 98 ақау анықталған. Оның барлығы ретке келтірілді деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек. Айтуынша, шаһарда жылу жүйелерінің тозу деңгей 37 пайызды құраған. Бұл қаланы жылумен қамтамасыз етуге кедергі емес деп отыр.
Қыстың қамын жазда ойла. Биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстары ерте басталған. Қазан айының алғашқы онкүндігінде қысқа дайындық жұмыстары толық аяқталмақ. Бұл туралы Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
Сөзіне сенсек, барлық жылу желілеріне гидравликалық қысыммен тексеру жұмыстары толық көлемде жүргізілген. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, өз уақытында ретке келтірілген. Сонымен қатар, жылу беру маусымында апаттық жағдайларды болдырмау және алдын алу мақсатында, «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан бірқатар кешенді жұмыстар атқарылған. Бұл шаралар алдағы маусымда тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге бағытталып отыр дейді ресми өкіл.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Біз жылда жылу жүйелерін жылда тексереміз. Жоғары қысыммен тексереміз. Осы қысыменн тексеру барысында 98 ақау табылды. Оның барлығы ретке келтірілді. Жылу желілеріндегі барлық 2927 ысырмалар ревизиялық тексеруден өткізіліп, Ø-50мм ден Ø-300мм дейінгі 587 сі Қуатжылу күшімен ауыстырылды».
Сонымен қатар, қалада әлі де көгілдір отынға қол жеткізбеген шалғай аймақтар бар. Олар үшін қатты отын қолжетімді болады дейді қала әкімінің орынбасары. Оның айтуынша, бюджеттік мекемелер мен дербес қазандықтарда қажетті көмір көлемі нақтыланып, толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жергілікті билік көмірмен қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыруда және тұрғындарға қажетті көмір көлемінің үздіксіз жеткізілуін бақылауда ұстап отыр.
«Шымкент қаласының көмірге қажеттілігі 23,3 мың тонна, қамтамасыз етілгені 20,1 мың тонна (86%), атап айтқанда бюджеттік мекемелерге және дербес қазандықтарға қажетті 4,8 мың тонна, бүгінгі таңға 4,8 мың тоннаға шарт жасалған (100%), тапсырыс бойынша нысандарға жеткізіледі. Атқарылған талдау жұмыстарына сәйкес, бүгінгі күнге қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 18,5 мың тонна. Тұрғындар тарапынан сатып алынғаны 15,3 мың тонна».
Күн суыта қаланың қатты отын тұтынатын аймақтары әдетте көктүтін басады. Қыс бойы кешқұрым, күндізгі уақытта айнала ауаның ластануы орын алып, тыныстауға мүмкіндік бермейтіні тағы бар. Осыған орай, әкім орынбасарынан мәселенің шешімін сұрадық. Көмір жағатындарға көгілдір отынның ауылы алыс емес деп отыр. Десе де, кемі тағы бірер жыл түтін иісімен тыныстауға тура келмек.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Газ тартылған жерлерде газ кіргізбей отырғандар бар. Егер кварталдық желілерді айтатын болсақ, кезең-кезеңімен жасалып жатыр. Қайнарбұлаққа газды алып келдік. Қай точкасы қай жерге дейін екенін, «Қазақгазбен» келісу керек, қуаттылығы барлығы есептеледі. Келесі жылға іштегі кварталдық желілелерді аяқтауымыз керек».
Айта кетейік, қысқы жылыту маусымына қала бюджетінен 743,55 млн теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 731,05 млн теңгесі игерілді. Осы қазан айының ортасына дейін барлық жұмыстар оңды реттеліп, қысқы маусымға қала басшылығы сақадай сай болмақ.





