Түркістан қалалық соты Түркістан облысы Сауран ауданында мал шаруашылығына мемлекеттен бөлінген 217 млн. теңге субсидияны қолды қылған 5 адамға қатысты үкім шығарды. Олардың төртеуі 5 жыл 2 айға түрмеге жабылды. Бірі дәл осы мерзімге бас бостандығы шектелді.
Түркістан қалалық соты шамамен 100 мың малды ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасына заңсыз тіркеп, 271 миллион теңге субсидия алып, жымқырғандарға қатысты үкім шығарды. Олардың төртеуі ветеринариялық дәрігер, бірі ветеринариялық пункт меңгерушісі. Бесінші сотталушы – мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер.
«Сот … меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны күмән тудырмайтын объективті, нақты деректермен дәлелденген және сотталушылардың кінәсін айқындайтын дәлелдемелер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында толық жинақталған деп санайды»
Сот кабинеті жүйесі
Күдіктілер мал шаруашылығына бөлінген субсидияны жымқыруды 2020 жылы бастаған. Мысалы, «Олимжон Бизнес» шаруа қожалығы 42 бұқаны тірі салмақта бордақылау алаңына өткізгені туралы жалған ақпарат тіркеген. Көп өтпей субсидия алуға «subsidy.plem.kz» базасы арқылы өтінім берген. Бұл сияқты өмірде жоқ құйрықты қой, бұқа және сиырды бір жылда бірнеше қожалығы арқылы бірнеше рет қайталаған. Субсидияны 70 мың теңгеден бастап, 7 млн. теңгеге дейін алған. Қылмыс 4 жылға созылған.
«Түркістан қаласының соты алаяқтық жолмен жоқ малдарға жалған құжаттар әзірлеп, субсидия қаражатын жымқырған 5 адамды кінәлі деп таныды. 4 айыпталушыны 5 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек 1 айыпталушыға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған да рақымшылық актісін қолданып сот істі тоқтатты. Мемлекеттің пайдасына 50 млн. теңге өндірілді, сонымен бірге 120 млн. теңгеге мүлікке тыйым салынды».
Түркістан облыстық прокуратурасы
Сот талқылауында сотталушылардың бірі айыппен келіспеген, қалғаны кінәсін толық мойындаған. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Іс бойынша басты соталушы «Алаяқтық» бабының екі тармағымен істі болды. Ол «бөтеннің мүлкін алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен, өзінің қызмет бабын пайдаланып, бірнеше рет, аса ірі мөлшерде, жалпы 213 млн. теңге субсидия түріндегі мемлекет қаржысын жымқырған». Және сыбайластарымен сөз байласып, оларға көмектескен.
Дилара Иса







