Úı ANONS Дженерик дәрілер қауіпті ме?

Дженерик дәрілер қауіпті ме?

Дженериктерден қауіп жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі түпнұсқа дәрілердің орнына жүретін баламалы түрлерінен қауіптенбеуге шақырды. Министрлік мәлімдеуінше, олар елімізде заңды түрде тіркелген дәрі-дәрмектерді ғана сатып алады.

Бүгін Үкіметтегі брифинг кезінде журналистер онкологиялық науқас балалардың ата-аналары алдағы жылы түпнұсқа дәрілерсіз қаламыз ба деп алаңдап отырғанын жеткізген еді. Вице-министр Тимур Мұратовтың айтуынша, тіркелген дәрі-дәрмектерді сатып алғанда олардың сауда атауларын көрсету қажет емес.

Сондықтан дженерик сапасы жағынан түпнұсқадан кем болмауға тиіс. Айта кетейік, дженерик – патент мерзімі аяқталғаннан кейін түпнұсқа дәрінің дәл көшірмесі саналатын препарат. Оның құрамында сол белсенді зат болады, бірақ қосалқы компоненттері, атауы, дизайны мен қаптамасы өзгеше болуы мүмкін.

Тимур Мұратов, Денсаулық сақтау вице-министрі: «Бұрын уролог болып істегенмін және үнемі мына мысалды келтіремін. Егер қателеспесем, Pfizer компаниясы 2009 немесе 2010 жылы өздерінің ең танымал препараттарының бірі – виаграның өндірісін тоқтатып, АҚШ аумағынан басқа елдерге патенттік құқығын сатты. Қазір бұл препарат әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі атаумен шығарылады. Бірақ оған дженерик ретінде ешкімнің күмәні болған жоқ. Бұл — оң мысалдардың бірі».

Ал жалпы 2026 жылы дәрі-дәрмектің қымбаттауына еш негіз жоқ екенін мәлімдеді. Бүгінде министрлікке дәріханалардағы бағаларға бақылау жүргізіп отыр. Мәселен, қазанның қорытындысы бойынша, халық жиі тұтынатын 50-ге жуық дәрінің бағасы орта есеппен 10-11%-ға төмендеген. Бағаны себепсіз көтерген жағдайда арнайы «Нақты өнім» деген мобильдік қосымша арқылы алдымен QR-код арқылы көз жеткізіп, сосын шағым түсіруге болады.

Ербол Тұрымбет