Úı ANONS Ел мүддесін ұлықтаған — қаламгер

Ел мүддесін ұлықтаған — қаламгер

фото ШӨКҚ

Санаға серпіліс беріп, ұлттық руханиятқа тың тыныс қосатын тағы бір құнды еңбектің тұсауы кесілді. Оқырманға жол тартқан бұл кітап – кәсіби жолын ел мүддесіне арнаған қаламгер Ғалымжан Елшібайдың журналистикадағы өмірі мен өрісті ойларының айшықты айнасы. Салтанатты жиынға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ақпарат саласының майталмандары жиналды.

«Қаламға қонған құт» — дәл осындай атаумен ел тілегінің жүгін көтеріп жүрген журналист, жазушы Ғалымжан Елшібайдың жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты іс–шарада қаламгердің ұзақ жылдық еңбегі мен шығармашылық өрісі жайында жылы пікір айтылды.

Жинаққа автордың 33 жылдық журналистік жолы мен толымды еңбектері топтастырылған. Төрт тараудан тұратын кітаптың алғашқы бөлімі — қаламды қару еткен тұлғаның өміріндегі ерекше жандарға арналған. Мұнда оның рухани ұстазы Мархабат Байғұт, тәлімгері Темірбек Қожекеев, өмірлік өнегесін арқа тұтқан Мұқан Егізбаев сынды тұлғалар туралы сыр шертіледі. Екінші тарауда елдік мүдде, ұлттық құндылық және қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен қамтылған.

Ғалымжан Елшібай: «Кітап 1000 дана таралыммен жарыққа шықты. Кітап сатылуға емес, тек рухани тұрғыда кітапханаларға беріледі. Жалпы еліміздің тұлғаларын тануға келген, ұлттық құндылықтарға тереңірек үңілгісі келгендерге, жалпы оқырманға арналған».

Кітаптың келесі бөлімі автордың 50 жылдық мерейтойына арналған құттықтау лебіздермен сабақтасса, соңғы тарау — ақындық қуатымен жазылған өлеңдерге арналды.

Дархан Қыдырәлі: «Ғалымжанның ел мәселесін көтерген өткір материалдарын өте жақсы білеміз. Сонымен қатар, Ғалымжан бауырымыз поэзия жанрында да жазған, ақындық қуаты бар, проза жанрында жазған қаламгер. Шын мәнінде қаламына құт қонған қаламгер деп айтуға болады».

Сәкен Сыбанбай, «Парасат» журналының бас редакторы: «Осы жан-жақтылығының, осы мақсаткерлігінің, осы ізденімпаздығының арқасында ол осы деңгейге жетті. Қазір ол тек журналист қана емес, қайраткер тұлға деңгейінде. Сол тұрғыдан келген кезде Ғалымжанды жас журналистерге үлгі ретінде ұсынар едім»

Тұсаукесерге келген көпшілік қаламгердің ел игілігі үшін атқарған еңбегін жоғары бағалап, сый-құрметін білдірді. Осы кеште Ғалымжан Елшібай Қазақстан Журналистер академиясының академигі атанды. Мақтаулы атақты оған Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, белгілі ғалым Қайрат Сақ пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сандыбай Аяған салтанатты түрде табыстады.

Айта кетейік, биыл елу жасқа толған Ғалымжан Елшібай «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі. Ол — Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Ботакөз Әнуар