Тамақтан улану жедел, аяқастынан басталады.
Тамақтан уланудың негізгі белгілері: адамның іші ауырып, жүрек айнуы, құсу, іш өту, температураның көтерілуі, денені ауырсыну мен әлсіздік және бас ауырады.
Қазіргі уақытта адам кез келген жерден улануы мүмкін. Мысалы, белгісіз құрамды етпен дайындалған фаст-фуд тағамдары, салаттар, бәліштер және шаурма микроорганизмдердің ортасы саналады.
Тамақтан улану түрлері микробты және микробсыз тамақтан улану болып екіге бөлінеді.
- Микробты: Токсикоинфекция, Токсикоз, Микотоксикоз.
Микробты тағамнан уланудың токсикоинфекцияларын тудыратын шартты патогенді микроорганизмдер: стрептокококтар, стафилококтар, ботулизм бактериялары, шигеллалар, сальмонеллалар.
- Микробсыз тамақтан улану тобына өсімдік текті азықтармен, жануар, улы химиялық заттардың тағам құрамына түсуінен туындайтын аурулар жатады.
Тамақтан улануды болдырмау үшін тамақтану гигиенасының, тағамды сақтау мен дайындаудың қарапайым ережелерін орындау қажет:
— жеке гигиена ережелерін сақтау керек;
— қолды жиі жуу керек, әсіресе қоғамдық орындар мен дәретханаға барғаннан кейін;
— тамақ дайындау кезінде бір рет қолданылатын қолғапты қолдану керек;
— ас үй ыдысын, үстелдің бетін, раковинаны, турап кесетін тақтайшаларды арнайы залалдандырғыш жуғыш заттарымен жуу және таза ұстау керек;
— тамаққа қолданылатын өнімдерді өңдеу және сақтаудың барлық ережелерін сақтау керек;
— шикі және дайын өнімдерді өңдеу үшін әр түрлі пышақ пен кесу тақтайларын пайдалану керек;
— қауіпсіз тамақ өнімдерін таңдаңыз;
— тамақты дайындау технологиясын сақтаңыз;
— пісірілген тамақты бірден пайдаланыңыз;
— алдын ала дайындалған тамақты мұқият термиялық өңдеуден өткізу керек.
— шикі және піскен тамақ өнімдерін қатар сақтамаңыз.
— таза суды пайдаланыңыз.
— жеміс-жидектер мен көкөністерді сірке суы (1 литр суға 3-4 ас қасық) араласқан суға салып, содан кейін ағынды сумен жуыңыз;
— қаны бар бифштекстерді, жұмыртқадан жасалған глазунь жемеген дұрыс;
— дайын өнімдерді сақтаудың жалпы температурасы – +5 градус;
— суық тағамдарды екі тәуліктен артық пайдаланбау керек;
— ыстық тамақты екі сағаттан артық сақтамау керек;
Тамақтан уланудың алдын алу, олардың салдарларымен күрескеннен гөрі, тамақ сатып алудан бастап тамақтанғанға дейінгі барлық кезеңдерде алдын алу шараларын сақтау, тамақтан улануға жол бермейді.
Супермаркетте азық-түлікті арбаға немесе себетке салған кезде, суық және ыстық тамақты, сондай-ақ шикі және дайындалған азық- түлікті бөлек ұстауға тырысыңыз. Азық-түлікті қайдан сатып алсаңыз да, сатушы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
Азық-түлікті сатып алған кезде мынаған назар аударыңыз:
— өнімдердің орамасы зақымдалған жоқ па?
— жемістер мен көкөністер соғылған емес пе?
— жұмыртқалар сынған жоқ па, себебі олар тез бұзылады;
— өнімнің орамасына салынған жарамдылық мерзімінің күнін қараңыз. Егер жоғарыдағы қасиеттердің бірі тағамда болса, микробтардың көбеюіне мүмкіндік туады; Тағамдарды жылумен (термиялық) өңдеу – тағамнан улануды болдырмаудың бірден-бір жолы.
Б.Ергеш,
Шымкент қаласы
Еңбекші ауданының СЭББ басшысының орынбасары







