Түркістан облысы Кентау қаласы әкімдігінің аппарат басшысының қызметтік көлігі жол-көлік оқиғасына түскен. Оқиға орнында 3 адам мерт болды, 1 адам ауыр жарақат алған. Оқиғаға қызметтік көліктің жүргізушісі, оқиға орнында қайтыс болған 21 жастағы жігіт кінәлі деп танылды.
Түркістан облысы Кентау қаласы әкімдігінің қызметтік көлігі жол апатына түсті. Оқиға орнында жүргізуші мен қарсы бағыттағы көлік ішінде болған екі жолаушы тіл тартпай қайтыс болған. Тағы бір адам ауыр жарақат алған. Қайтыс болған 21 жастағы жүргізушінің үстінен Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сот кабинеті жүйесінде көрсетілген сот үкіміне қарағанда, айыпталушының қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылған.
«Н. Ж. Н. қайтыс болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 345- бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылсын. Заттай дәлелдеме ретінде танылған: қан сүртінділері, одорологиялық иіс, қол саусақ іздері — жойылсын. Қылмыстық іс бойынша процестік шығындар мемлекеттің есебіне жатқызылсын»
СОТ КАБИНЕТІ ЖҮЙЕСІ
Қайғылы оқиға Жетісай ауданы Жүзімдік ауылының маңында «Жібек Жолы – Жетісай» тас жолында, 20 тамызға қараған түні болған. Әкімдік көлігі Шымкентке бет алған. Жүргізуші қарсы бағытқа шығып, өз жолымен келе жатқан жеңіл көлікке соқтығысқан.
«Сот отырысында айыпталушының өкілі М. інісі Н.Н тағылған айыппен толық келісіп, Нұртасов сол жол-көлік оқиғасынан қайтыс болуына байланысты істі тоқтатуды сұрады. Прокурор мен жәбірленуші жақ істі тоқтатуға қарсы болмады»
СОТ КАБИНЕТІ ЖҮЙЕСІ
Кентау қаласы әкімдігі жол-көлік оқиғасына түскен көлік аппарат басшысының қызметтік көлігі екенін растады. Үкімде әуелі бұл көлікті рульдік басқару жүйесі мен аяқ тежеуіші ақаусыз күйде болғаны айтылады. Ал сараптама ақау екі көлік соқтығысқанда пайда болғаны туралы шешім еткен. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса






