Төрінен сарай, табалдырығынан тұзақ құрған тәуелділік әлемінің тағы бір есігі ашылды. Кіру құны да соншалықты қымбат емес. Қолыңызға қарапайым шарик немесе 1000 теңге алып алсаңыз жеткілікті. Желілерді шулатып, жастарды жадынан жаңылдырған есірткінің жаңа түрлері жайлы естідіңіз бе? Біз олардың құны мен қасіретін зерттеп көрдік.
Елдің есін алған есірткі тектес сұйықтықтар
Елестетіңіз: көңілді кеш, жаңғырған музыка, билеп жүрген жастар, бәрінің қолында түрлі түсті шариктер бар. Керемет секілді иә? Әйткенмен бәрі біз ойлағандай болмауы мүмкін екен. Қуаныш пен мерекенің символына айналған шарлар қазір тәуелділіктің қайнар көзіне айналып отыр. Жастар мен жасөспірімдер түнгі клубтар мен түрлі кештерде әлгіндей шариктердің газын жұтып, шаттануға құмартып алған. Әңгімеміздің әлқиссасы қызықты болар, енді жағдайдың жай-жапсарын жеткізейік. Сиқырлы шарларды жастар «шарики кумарики» немесе «көңілді шарлар» деп атайды. Себебі олардың ішіне әдеттегідей ауа емес, азот газы үрленеді. Ал түрлі “түтінге” әуес тұтынушылар сол шарлардың ішіндегі газды жұтып, қысқа мерзімге «бақыт құшағында» тербеледі. Олар үшін айналадағы оқиғаның ешбірі маңызды емес. Сол сәтте не айтсаңыз да тек күле береді. Қызығы, көңілді шариктер жоғарыда атаған клубтар мен желілерде ашық сатылып жатыр. Біз де сатушылардың бірімен тілдесіп көрдік.
Шарларды үрлеуге арналған сұйық газ литрмен сатылады. Нарықтағы құны шамамен 15 000 теңге көлемінде. Алайда «ертегілер еліне» ену үшін кемінде 2 литр алу қажет. Сатушының айтуынша, 2 литр азот шамамен 45–50 шарды үрлеуге жеткілікті болады екен. Сізге сұйықтық арнайы балонмен беріледі. Ол үшін қосымша 15 000 теңгедей тағы төлейсіз. Осы соманы балонды қайта әкелген кезде қайтарып аласыз. Біз сатушыға: “10-ға жуық жігітпіз, досымыздың туған күнін тойлатқалы жатырмыз. Кешті көңілді өткізу үшін қанша литр алуымыз қажет?” — деп сұрақ қойдық. Оның айтуынша, кемінде 10 литр алған абзал екен. «Бақыт базаршысы» өз тауарының зиян екенін де жасырмады. Алғашында тұншығу, тіпті есін жоғалту да қалыпты жағдай екенін ескертті. Елді салауатынан айыратын солақай кәсіптің арқасында клубқа келетін клиенттер саны анағұрлым өсіпті.
«Кумарики» деп аталатын құмарлық газы әзірге ресми есірткілер қатарына енбеді. Оның негізгі қолдану саласы мүлдем басқаша. Дәрігерлер мұндай бір сәттік бақыттың денсаулыққа зиян екенін ескертіп дабыл қағуда.
Қазіргі таңда жастар арасында көп тараған улы химиялық заттардың бірі — көңіл көтергіш шар немесе азот қышқылы. Негізі бастапқыда бұл зат медициналық (негізінен наркозға), техникалық мақсатта шығарылған болатын. Адам оны иіскегеннен кейін эйфориялық сезім мен дофамин деңгейі күшейеді, стресс басылады.
Қазір оны түнгі клубтарда, кешкі отырыстарда сатып жүр, алайда қауіпін айтпайды. Қауіптері: ми жүйке жүйесінің бұзылуы, жадының нашарлауы, қол-аяқтың жансыздануы, тыныс алу жолдарының улануы, жүректің тоқтауына әкелуі, бауыр және бүйрекке тікелей әсер етуі. Кейбір жағдайларда адам иіскеп тұрып өліп кетеді. Сонымен қатар психологиялық тәуелділікке әкеледі, — дейді оңалту орталығының басшысы, нарколог Шілдерханов Мұхтар Нұрманұлы.
Карбюратор тазартқыш та «қуаныш» сыйлайды
Бақыт үлкен болмайды, шаттық та қымбат емес. Автоқызмет саласында қолданылатын қарапайым карбюратор тазартқышы да есірткінің жаңа түріне айналып үлгеріпті. Жоғарыда атаған «кумарикидің» құны 30 мыңнан асса, «карб» деп аталатын тағы бір қауіп небәрі 800–1500 теңге көлемінде сатылады екен. Бұл дертке жасөспірімдер көбірек құмар. Құны арзан, қолдану әдісі қарапайым. Тәуелділіктің бұл түрі TikTok-та әлдеқашан трендке айналып үлгерген. “Көңілің құлазып жүрсе, карб иіске — қуанышқа бөлен” деп біріне бірі насихаттап жүр. Әр іске әуес кезеңдегі балалар әлгінің әсерін зерттемей, әлгі сұйықтыққа әбден әуестенген. Бағасы арзан «бақыттың» қолдану әдістемесі де қарапайым: автодүкеннен карб сұйықтығын сатып алып, полиэтилен пакетіне құйып иіскесе жеткілікті. Бұл ғаламнан шығып, шексіз қуанышқа бөленесің. Әлеуметтік желілерде алған әсерімен жарыса бөліскен жасөспірімдер “ойын әлеміне түскендей болдым, барлық уайымымды ұмыттым” деп пікір қалдырған. Әлбетте оның әсері тым қысқа, зияны мол. Біз осындай құмарлықтан зардап шеккен жасөспірімдердің бірімен тілдесіп көрдік. Кейіпкердің тілегіне сай, шынайы есімін жасырып қалуды жөн көрдік.
«Менің есімім — Нұрым, жасым 15-те. Мен таксикоманияға шалдыққан едім. Бұл дертке 14 жасымда достарыммен жүрген кезде тап болдым. Олар: «Карб стрессті басады, үйдегі айқай-шуды ұмытасың» деп ұсынды. Үйдегі жағдай қиын болған соң, “бір рет көрейін” деп ойладым. Алғаш иіскегенде иісі жағымсыз болды, бірақ 10-15 минуттан кейін басым айналып, жеңілдік сезілді. Сол әсер ұнап қалды. Келесі күні өзім сатып алып, жалғыз иіскеуді бастадым. Күн сайын қолдандым. Маған бұл “өмірдегі жалғыз бақыт” сияқты көрінді. Біраз уақыттан кейін мұрнымнан және жөтелгенде қан кете бастады. Жүрегім де мазалай бастады, бірақ мән бермедім. Бір күні көп дозадан есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам – ауруханада жатырмын. Үйге шыққан соң «қайтып қолданбаймын» десем де, бір аптаға ғана шыдадым. Сосын қайта бастадым. Мұны үйімдегілер байқап қалып, емделуге әкелді. Емделіп жатқаныма 4 айдай уақыт болды. Енді ол пәлеге оралмаймын деп ойлаймын», — дейді. Кейіпкеріміз осылай өз оқиғасымен бөлісті.
Байқағаныңыздай, құмарлыққа балалар тек көңіл көтеру үшін берілмейді. Оған отбасындағы жағдай да әсер етуі мүмкін. Алайда мұндай зиянды заттар — мәселенің шешімі емес. Мамандар тазартқыш бұйымдарды тек көзделген мақсатта ғана қолдануға кеңес береді.
«Қазіргі кезде ең арзан және қолжетімді психобелсенді заттардың бірі — аэрозольдер, яғни, карбюратор тазалағыш сұйықтықтар. Мұндай баллондарды кез келген дүкеннен оңай сатып алуға болады және бағасы да өте төмен. Бірақ олардың құрамында ацетон, метил спирті, толуол және түрлі көмірсутектер болғандықтан, бұл заттар адам өміріне өте қауіпті. Негізгі жүк дәл тыныс алу жүйесіне түседі. Яғни, өкпе, жүрек-қан тамырлары, түрлі астмалар — бәрі зардап шегеді. Құрамында өте улы еріткіштер (толуол), жанып кететін газдар мен органикалық еріткіштер бар. Соның бәрін адамдар эйфория сезімі үшін иіскеп жүр”, — дейді мамандар.
Балалар арасында белең алған мұндай теріс тенденцияға байланысты Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға арнайы ескерту жасады. Министрлік балалардан қандай да бір оғаш қылық, бөгде иіс байқалған жағдайда жылдам мамандарға жүгінуге кеңес береді.
“Құрметті қауым, сіздерді аса сақ болуға шақырамын. Балаларымыздың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, күнделікті әрекеттеріне назар аударайық. Егер кенеттен көңіл-күйі құбылып, киімінен бөгде иіс шықса, сөмкесінен белгісіз баллондар не бөтелкелер табылса, әлсіздік пен ауыз маңындағы қызару байқалса — бұл жай шаршау емес, бұл — дабыл, бұл — ескерту”, — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Жоғарыда айтылған зиянды заттар ресми түрде есірткі болып танылмауы мүмкін. Әйтсе де олардың адамға тигізер зияны аса қауіпті есірткі түрлерінен бір кем болмай тұр. Сондықтан түрлі химиялық бұйымдар мен баллондарды пайдалану кезінде аса сақ болуға шақырамыз. Мақала соңында “әр астың өз қасығы бар” дегіміз келеді.
Төлеген Абдрасилов
«Оңтүстік Рабат» газеті, №51


