Úı ANONS Шымкентте жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды

Шымкентте жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды

Шымкентте еңбек адамын ұлықтаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» салтанатты түрде жабылды. Шара аясында өз ісінің шеберлері марапат алып, атқарылған игі істерге қорытынды жасалды.

Шымкентте маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамын ұлықтаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» салтанатты түрде қорытындыланды. Айрықша жиында кәсіби шеберлігімен дараланған өндірістік оқыту шеберлері мен ұстаздар, белсенді студенттер және үздік кәсіпорындар марапатталды. Сондай ақ, қала әкімінің атынан жүзден астам білімгерге қаржылай сыйақы табысталды.

ҒАЗИЗА АЙДАРХАНҚЫЗЫ: «Тігін саласынан сән технологиясы бойынша жарыс өтті. Мен тренч яғни сырт киім тіктім. Шымкент қаласының символы қызғалдақ. Сол қызғалдақты біз сырт киімге үйлестіріп, Шымкент қаласы екенін білдіріп жасадық»

АЛТЫНАЙ МҰХТАРҚЫЗЫ, СТУДЕНТ: «Осы тренчті мен 3Д модельде жасадым. Осы құзыреттілік уорд скилстың 10 жылдығына қарсы жаңадан қосылған құзыреттілік. Соны бізге 12 сағат берілді. Жарыс әрине қиын болды. Бірақ өзіміздің қолымыздан келгенін жасап шықтық. Осы жеңіске лайықтымын деп санаймын»

Басқосу барысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылған істерге шолу жасалды. Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, дуальды оқыту жүйесін жетілдіру және білім ордалары мен өндіріс орындары арасындағы өзара байланысты нығайту жолындағы маңызды нәтижелер сөз болды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бізде еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес біраз өзгерістер бар. Жаңа мамандықтар пайда болды. Жаңа кәсіптер ашылды. Соның қажеттілігін қамтамасыз ету үшін осы қаламыздағы 40-қа жуық колледждің басшыларына тапсырма берілді, жаңадан кейбір мамандықтарды ашу туралы, лицензия алу туралы. Біздің өндіріс ашып, жұмыс атқарып жатқан кәсіпкерлерді дамыту туралы, дуальді оқыту жолға қою туралы біраз тапсырмалар берген болатын. Өз ретімен жүзеге асып жатыр»

Бұл жыл еңбек адамын ұлықтауға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және кәсіби білімнің қоғамдағы рөлін айқындауға арналды. Жауаптылардың айтуынша, аталған бағыттар бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілді.

КҮЛЗИНА УАЛИХАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Биылғы жылы өте көп іс-шара өтті. 250-ден астам шара өтті. Біздің 4 колдеджіміз халықаралық аккредитациядан өтті. Ол өте үлкен жетістік»

Іс-шара аясында еңбек пен өндірісті тоғыстырған арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда 12 колледж бен кәсіпорын өз жетістіктері мен өнімдерін жұртшылыққа паш етті.

Лаура Бабас