«Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» сынды қазақ руханиятының алтын қорына енген шығармалардың авторы, ел қорғаған батыр, дара қолбасшы әрі көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына биыл 24 желтоқсанда 115 жыл толды. Осыған орай өңір тұрғындары батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым жасап, ерлік жолын еске алды.
Биыл қазақ халқының батыр ұлы, даңқты генерал, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толып отыр. Ол – майдан даласында теңдессіз ерлік көрсеткен қаһарман ғана емес, ел мен жерге деген адалдықты, тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным еткен ұлт тұлғасы. Оның ғибратқа толы ғұмыры мен өшпес ерлігі – бүгінгі және келер ұрпақ үшін сарқылмас өнеге. Айтулы мерейтойға орай қала жұртшылығы батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ерлігі мен рухына тағзым етті.
ЕРТҰЛҒА СЕРІКҰЛЫ, БЕЛСЕНДІ ЖАС: «Елің үшін езіліп, жұртың үшін жұмылып еліңе қызмет ет» деген. Біз осы Қазақстан жерінде туылдық. Және де осы Қазақстанға қызмет ету керекпіз. Осы Бауыржан атамыздың осы сөзін мен өзіме үлгі тұтамын».
Бауыржан Момышұлы – соғыс жылдарындағы сұрапыл шайқастардың шынайы шежіресін кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен қаламгер. Оның туындылары батырлықты ғана емес, адамдық болмыс пен рухани беріктікті терең суреттейді. Бүгінде Бауыржан Момышұлының еңбектері бірнеше әлем тіліне аударылып, халықаралық деңгейде кеңінен оқылып келеді.
ӘБИЛӘ КӨЗДІБАЙҚЫЗЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Бауыржан Момышұлы бұл жалпы әлемге жалпы адамзатқа еңбек етіп, өмірін осыған арнаған деп санаймын өзім. Соның айқын мысалы Кубаға сапарында ол қандай өзінің әскери стратегиялық, тактикалық әдістерін берді. Олар күні бүгінге дейін олар оны оқып отыр».
Қайсар мінезі, темірдей тәртібі, отаншыл рухы мен терең даналығы арқылы Бауыржан Момышұлы қазақ тарихында өшпес із қалдырған дара тұлға. Ел үшін еткен еңбегі мен ерлігі ғасырлар өтсе де ұрпақ санасында мәңгі сақталады. Батырдың өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің биік өлшемі.
Ботакөз Әнуар





