18 қараша күні таңсәріде Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында 13 адамның өмірін жалмаған өрттен аман қалған екі адам Шымкенттегі Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығынан шығарылды. Бұл ақпаратты Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады. Ерлі-зайыптылар 1 желтоқсаннан бері Жетісай аудандық орталық ауруханасында емін жалғастырып жатыр.
«Екі науқастың жағдайы бүгінде тұрақты. Екі пациент те күйік жарақатынан кейінгі кезеңде қажетті ем қабылдауда. Демалуы өздігінен, өмірлік маңызды көрсеткіштері тұрақты деңгейде. Емдеу шаралары бекітілген хаттамаға сәйкес жалғасып жатыр. Науқастардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ
Жалпы өрттен 3 адам аман қалған болатын. Олардың бірі 7 жасар қыз 30 қараша күні қайтыс болған. Айта кетейік, Алғабастағы өрттен 13 адам мерт болды. Олардың 10-ы – бала. Үшеуі үй иесі, оның анасы мен әйелі. Аман қалған екі адам үй иесінің ағасы мен жеңгесі. Олар да осы өртте 5 баласынан айырылды.
Дилара Иса





