Түркістан облысы және Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа 700-ден аса адам іліккен. Олардың 143-і бостандыққа шыққан.
Шымкенттегі түзеу мекемесінен Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілінген 27 жастағы сотталушы «Ұрлық» бабымен түрмеге түскен. Екі апта бұрын ісін сот қайта қарайтынын білген ол түр-түсін көрсеткісі жоқ. Тек заңсыз әрекеттің жазасы бар екенін айтқысы келеді.
«Біраз нәрсені ойланатындай болды ғой. Иә, сабақ болды ғой. Өкінемін ғой. Өкінбесем болмайды ғой».
Рақымшылыққа ілініп, түрмеден босап шыққандардың дерлік барлығы сөзге жоқ. Көбі бостандыққа шыққандарына сеніңкіремейді. Түрме қақпасынан шыққанда бірі жақындарын іздейді, енді бірі өз жолымен кете береді.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің дерегінше, қала және облыста орналасқан алты мекемеде жазасын өтеп жатқан 724 адам рақымшылық жасау заңына ілінген. Бүгінге дейін оның тең жартысынан астамының ісі сотта қаралған. 143 адам бостандыққа шықты.
Айта кетейік, рақымшылыққа іліккендердің ішінде әйелдер де бар. Ресми мәлімет бойынша, олардың саны жиырмаға жуықтайды. Олардың бесеуі бостандыққа шыққан, қалғанының жазасы қысқарған.
Дилара Иса






