Úı ANONS Ет экспорты шектеулі, бордақылау алаңдары толып тұр

Ет экспорты шектеулі, бордақылау алаңдары толып тұр

Сурет: yassy-tur.kz

Шаруалар ет экспортына қойылған шектеулерді алып тастауды сұрайды. Өйткені бордақылау алаңдары малға толып кеткен. Бұл туралы Мал өсірушілер одағының төрағасы Дәурен Салықов бүгін Мәжілісте өткен мал шаруашылығын қолдау мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде мәлімдеді.

Одақ төрағасы ет экспортына қойылатын талаптарды жеңілдету қажет екенін айтады. Оның сөзінше, қазіргі таңда небәрі бес ет комбинаты ғана экспортқа ет шығара алады. Ал көптеген бордақылау алаңдары малға толы болғанымен, олардың экспортқа шығару құқығы жоқ. Сондықтан бұл талаптарды барынша қолжетімді ету керек деп санайды.

Айта кету керек, Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие ұсынып отыр. Бұл айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді. Алайда Дәурен Салықов қарыз алушыларға қойылатын бастапқы талаптарды жеңілдетіп, өтініштерді қарау мерзімін қысқарту қажет дейді. Ең басты мәселе – отандық фермерлер Қытай нарығына ет экспорттау мүмкіндігін кеңейтуді сұрап отыр.

Дәурен Салықов, Мал өсірушілер одағының төрағасы: «Бүгін біз Қытай туралы айтып отырмыз. Қазіргі таңда ол елге тек оңтүстік және шығыс өңірлер ғана экспорттай алады. Басқа өңірлерге де мүмкіндік ашу қажет. Алайда еліміздің мал шаруашылығының халықаралық деңгейдегі мәртебесі бұл процеске кедергі келтіріп отыр».

Ербол Тұрымбет