Úı ANONS Марқұмдарды «тірілтуге» тиым салынды: ЖИ-ге арнайы белгі қою міндеттелді

Марқұмдарды «тірілтуге» тиым салынды: ЖИ-ге арнайы белгі қою міндеттелді

Соңғы уақытта әлеуметтік желіні белгілі тұлғалардың бейнесіндегі контенттер, билеген жануарлар, тіпті қайтыс болған адамды сөйлетіп,  қимыл әрекет жасатқан жасанды интеллектінің видеолары қаптап кетті.  Нейрожелі күн санап  дамып, бейнелердің шынайы не жасанды екенін ажырата алмайтындай жағдайға жеткендейміз. Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект» туралы заңға қол қойған болатын. 

Көріп тұрғандарыңыздай, мен қазір Парижде тұрған секілдімін. Бірақ бұл – шынайы көрініс емес. Мұның бәрін жасанды интеллект жасап отыр. Ол қар не, жаңбыр да жаудыра алады  Осыған байланысты елімізде жаңа заң қабылданды. Енді жасанды интеллект арқылы жасалған материалдарға міндетті түрде арнайы белгі қойылуы тиіс. Егер ондай белгі болмаса, контент авторына айыппұл салынады.

Қазірде нейро желіні тек қызық үшін ғана емес, кәсіпкерлер бизнесін дамытуға, жарнамалауға, одан қалса анимация арқылы «Love story» немесе қандай да ақпарат жеткізу үшін қолдануда. Сондықтан  ЖИ-ды  табыс көзі санайтындар саны артқан. Нұрсаят Адамбек бұл салада 5 жылдай қызмет етіп келеді. Айтуынша мұндай материалдарға  сұраныс жоғары, осы себептен айына миллионның үстіндегі қаражатты табуға болады.

НҰРСАЯТ АДАМБЕК, ЖИ САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ: «Енді айналысып жүргеніме ұзақ болған соң тұрақты клиенттерім бар. Одан қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой. Бір видео салып ол атып кетсе, 100 адам қараса соның 10 адамы жазады. Осындай жасап берші дейді. Оның әрқайсысынан ақша аласың. Жалпы табыс жақсы түседі».

«Жасанды интеллект» туралы заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 17 қарашасында қол қойған болатын. Ал жарғы биылғы жылдың 18 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ережеге сәйкес нейрожелі жасаған  мариалды «Жи арқылы жасалған» немесе «жасанды интеллект» деген секілді белгі қойылуы тиіс.  Талаптарды бұзған жағдайда

ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРҒА – 64,875
ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛЕР – 86,500
ОРТА БИЗНЕС – 129,750
ІРІ БИЗНЕС – 432,500
—           Кей жағдайларда жасанды интеллект жүйесінің жұмысы уақытша тоқтатылуы немесе мүлде тыйым салынуы мүмкін.

Ал бұл өзгерістерге  контент пайдаланушылары не дейді?

«Дұрыс иә. Адамның  еңбегімен жасалған дүние мен ЖИ жасаған дүние міндетті түрде бөлініп қарастырылуы керек».
«Мен ойлаймын дұрыс деп. Өйткені сен өзін жазасың жұмысыңда. Оны сосын ешқалай дәлелдей алмайсың. Өз жұмысыңды. Басқа біреулер ЖИ мен жазып көшіріп алады. Сосын саған көшірген деп айта салуы мүмкін. Сол үшін белгі қою керек».

«Негізі дұрыс. Қазір мектепте де, колледжде чат жпт қолданады негізі. Компьютердікі бәрібір білінеді кәдімгі адамдарға қарағанда».

Тақырыпқа сай тағы бір ақпар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы deepfake-ті қолдануға қатысты пәтуа шығарды. Негізі кез-келген дамыған технология арқылы адамның шын мәнінде жасамаған әрекетін  жасағандай етіп көрсетіп, жалған ақпарат таратуға, шариғат бойынша қатаң тыйым салынады. Себебі мұндай жалған ақпарат тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады, дейді, дін өкілдері.

«Дипфейк технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға шариғатта тыйым салынады».
ҚМДБ

Айта кетейік жауаптылардың хабарлауынша, өнімге белгі қою жауапкершілігі ең алдымен жасанды интеллект жүйесін иеленетін немесе басқаратын тұлғаға жүктеледі, яғни нейрожеліні жасап, қолданатын компанияларға. Бұл шара контенттің шынайы немесе жасанды екенін ажыратуға, авторлық құқық пен аудитория сенімін сақтауға бағытталған.

Ботакөз Ануар