Úı ANONS «Қара нарықты» бақылайтын жұмыс тобы құрылады

«Қара нарықты» бақылайтын жұмыс тобы құрылады

Фото: gov.kz

Елімізде су саласы бойынша мекемеаралық жұмыс тобы құрылады. Ол су тұтынушылар арасында қара нарықты анықтаумен айналысады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бүгін Үкімет отырысында айтты.

Оның сөзінше, Су кодексі қабылданғаннан кейін арнайы ережелер бекітіліп, су пайдалану тәртібін бұзғандарға айыппұлдар қарастырылған. Мәселен, шарт жасамай су пайдаланған су тұтынушыларға екі есе тариф мөлшерінде айыппұл салынады. Егер фермерлер келісімшартта көрсетілген дақылдан басқа өнім ексе, айыппұл 1,5 есе тариф көлемінде болады.

Министрдің айтуынша, суды ұқыппен тұтынбаса болмайды. Өйткені, сарапшылардың болжамынша, алдағы вегетациялық кезеңде оңтүстікте өзен бассейндеріне келетін су көлемі азаяды. Себебі, Сырдарияның жоғарғы ағысында, көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толу деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд. текше метрге төмен. Ал оңтүстік өңірлердегі су қоймаларының толуы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 млрд. текше метрге кем.

Ербол Тұрымбет