Шымкентте Конституциялық реформа аясында түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Сарапшылар медицина саласының өкілдерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын баяндады. Кездесу барысында заңнаманы жаңарту қоғам дамуының заңды кезеңі екені атап өтілді.
Конституцияның тиімді қызмет ету мерзімі шамамен 15 жылды құрайды. Өйткені осы уақыт аралығында кез-келген мемлекетте саяси өзгерістер орын алып, әлемдік стандарттар жаңарады. Сондықтан заңнаманы заманға сай бейімдеу – табиғи үдеріс. Демек, елдегі Ата заңға енгізілгелі жатқан түзетулер де орынды әрі уақыт талабына сай деп бағаланып отыр.
АТАҚОЖА ИСМАИЛОВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Қазір халықты дүр сілкіндіріп, теріс пікір тудырып жатқан мәселе: неге конституция ауыса береді деген әр адамның ойында болып жатыр. Бірақ бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Заңгер ретінде айтатыным заман талабына сай, біз де дамуымыз керек, ертең 15 наурызда болатын бүкілхалықтық референдумда халық болып заңымызды қолдап дауыс беру — әр азаматтың парызы деп ойлаймын»
Бүгін сарапшылар мен медицина саласының өкілдері бас қосып, Конституциядағы өзгерістерді кеңінен талқылады. Әр бапқа жеке тоқталған мамандар жаңа жобаның артықшылықтарын атап өтті. Айтуларынша, бұрын нақтыланбаған тұстар енді айқын көрсетілген. Мұның бәрі ел игілігі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған дейді мамандар.
ҚУАНЫШ СРАИЛОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Жобаға келетін болсақ біраз өзгерістер енгізілген. Оның ең маңыздысы парламентте мәжіліс пен сенатты біріктірген. Және аты өзгерген. Құрылтай болып. Содан кейінгі тағы бір айта кететін жағдай, вице президент деген жаңа лауазым тағайындалып отыр. Оның міндеттері туралы айтылып өткен конституциямызда. Қазіргі конституцияда ондай өзгеріс жоқ тұғын»
Айта кетейік, қазіргі Конституция 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды. 2022 жылы өткен референдумда оған елеулі түзетулер енгізілген еді. Биыл құжаттың 84 пайызы жаңартылып, жаңа нұсқасы қабылданбақ. Соған сәйкес, жаңа Конституция 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Лаура Бабас






