Қазақстанда 15 наурыз Конституция күні болып белгіленді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Президент жалпыұлттық референдумның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Оның сөзінше, дауыс беру ашық әрі әділ өтіп, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталған.
Жаңа Конституция ел тәуелсіздігі мен егемендігінің берік тірегі болмақ деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымеен қатар, Ата заң адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі ретінде әділетті қоғам құруға негіз болады деді. Мемлекет басшысы референдум барысында жастардың белсенділік танытқанын ерекше атап өтіп, ел азаматтарын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ, ТОҚАЕВ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: «Қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз».
Сонымен қатар, мемлекет басшысы жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударып, Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталып өтті. Бұл жастарға деген сенімнің белгісі. Расында биылғы референдумға жастар белсене ат салысты. Ал, жалпы, еуразиялық интеграция институтының мәліметіне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдаған.
Атап айтқанда, қатысушылардың 86,7 пайызы «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген. Бұл көрсеткіш халықтың ұсынылған өзгерістерге кең қолдау білдіргенін аңғартады.
Естеріңізге сала кетейік, референдумда 10 млнға жуық адам өз таңдауын жасаған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Соның ішінде шет мемлекеттерде жүрген 10 мың адам дауыс беруге қатысқан. Ал, Шымкент қаласы бойынша 369 референдум учаскесі жұмыс істеп, 500 мыңнан астам адам өз таңдауын жасады.
Нұргүл Жолымбетова






