Úı ANONS Асфальттың ойылуына су құбырының істен шығуы себеп болған

Асфальттың ойылуына су құбырының істен шығуы себеп болған

фото ШӨКҚ
Күні кеше әлеуметтік желіде Шымкенттегі бір көшенің асфальты опырылып түскен бейнеролик тарады. Бұл жағдай Оңтүстік шағынауданындағы Қамысты көшесінде орын алған.
Белгілі болғандай, 1968 жылы салынған, диаметрі 1000 мм кәріз коллекторының істен шығуына байланысты жолдың асфальт жабыны опырылған. Бұл құбыр «Су ресурстары Маркетингі» ЖШС-не тиесілі.
Оқиға орын алғаннан кейін қауіпсіздік талаптарына сәйкес жолдың осы бөлігі қоршауға алынды. Қазір «Су ресурстары Маркетингі» ЖШС тарапынан қалпына келтіру және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстарына арнайы техникалар мен жұмысшы бригадалар жұмылдырылған. Атап айтқанда, 2 бетон сорғысы, тұнба сорғысы бар 2 жүк көлігі, 1 тазартқыш ауыр техника, 4 КамАЗ жүк көлігі, 3 әмбебап ауыр жүк көлігі, 1 экскаватор, 1 АС ауыр техникасы, сондай-ақ, 6 және 8-бригаданың қызметкерлері жұмыс атқаруда.
Мамандардың мәліметінше, құбырдың істен шығуына оның ұзақ жылдар бойы пайдаланылып, техникалық тұрғыдан тозуы себеп болған. Коллектор шамамен 1970-жылдары пайдалануға берілген және ұзақ уақыт қызмет атқаруына байланысты тозған.
Қазір апат салдарын жою және жолды қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес шамамен бір апта ішінде аяқталады.