Úı ANONS Делдалсыз сауда: Сапалы өнім және тиімді баға

Делдалсыз сауда: Сапалы өнім және тиімді баға

Наурыз келсе, қазақтың көңілі де, дастарханы да кеңейе түседі. Өйткені ақ жайылып, дәм татылған жерде өкпе-реніш ұмытылып, береке ұялайды. Әлбетте, мұндай сәтте азық-түлікке деген сұраныс та ерекше артады. Ал тұтыну деңгейі өссе, тауар бағасының құбылатыны белгілі. Шымкентте нарықтағы мұндай қарбаластың алдын алып, бағаны тізгіндейтін дәстүрлі жәрмеңке бар.

«Қонақ келсе — құт келеді» дейтін қазақ үшін ең дәмді асын сақтап, төрін қонаққа ұсыну — бұлжымас заң. Өйткені дастархан ағайынның басын қосатын береке ұйытқысы. Әсіресе, Әз-Наурыз қарсаңында ақ жайып, қонақ күту — әр шаңырақтың парызы. Осы орайда Шымкентте дәстүрлі түрде өтетін апталық жәрмеңкенің маңызы артуда. Бұл жолы сауда орнында мерекелік қарбалас ерекше байқалады. Тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлікті осы жерден қолайлы бағаға табуға тырысады.

ШОЛПАН ҮТЕБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ  ТҰРҒЫНЫ: «Жәрмеңке апта саайын болады. Өте тамаша, қызықты өтеді. Бағасы халыққа лайықта,өте жақсы болады. Қуанышпен келіп тұрамыз,қуанышпен заттарымызды аламыз».

ЖАНАР НАЙМАНТАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жәрмеңкеге апта сайын келемін. Маған ұнайды, мерекеге байланысты мен азық-түлік алып жатырмын. Үйде қонақтар күтіп жатырмын, бағалары иә. Бағаларын салыстырып тұрып аламын. Базарды аралап жүріп қай жерде тиімдірек соны сатып аламын».

Мұндағы өнімдердің басты ерекшелігі – табиғи тазалығында. Сөрелердегі қолдың жұмыртқасы мен балғын ет өнімдерін шаруалар ешқандай қоспасыз, өздері өсіріп, тікелей жәрмеңкеге әкеледі. Өнім сапасының жоғары, әрі бағасының тиімді болуы тұтынушылардың ағылуына басты себеп. Әсіресе, мереке қарсаңында ақ дастарханның ажарын ашатын сүт өнімдері мен көкөніске деген сұраныс еселеп артқан

СЕВДА АДИКАЗАЛОВА, САТУШЫ: «Сүт өнімдерін сатамыз. 20 жылдан бері, осындай адамдар келеді, алады. Мақтайды,  бәрі жақсы, таза өнім. Қаймақ, творг, құрт бәрі. Жеп көргендер, келесіде келеді рақметін айтады».

КЛАРА КАДЕРОВА, САТУШЫ: «Наурыз мейрамы келе жатыр. Көрісу күні де өтті. Клиенттеріміз өте көп. Көңілдерін табуға әрекет жасаймыз. Бағалары онша қымбат емес. Арзан 50-60 теңге қосамыз клиенттерім Құдайға шүкір көп».

Жәрмеңке тек тұрғындарға емес, кәсіпкерлерге де тиімді. Сатушылар үшін арнайы орындар тегін берілгендіктен, олар тауар құнын нарықтан төмен ұстауға тырысады. Сөрелерде көкөністен бастап, ұлттық тағамдарға дейін тізіліп тұр. Мереке қарсаңында кәсіпкерлер саны да артқан. Жәрмеңкеге жалпы саны 300-ге жуық тауар өндіруші мен кәсіпкер қатысуда. Бұл шараның басты мақсаты — мереке кезіндегі баға тұрақтылығын сақтап, халыққа сапалы өнімді қолжетімді ету.

ЖАНДОС МҰСАБЕКҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Жәрмеңкенің негізгі мақсаты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру. Сонымен қатар, күнделікті тұтынатын азық түсіктерді тұрғындарға қала тұрғындарына нарықтан төмен қолжетімді бағада ұсыну. Жәрмеңкеге жалпы қала кәсіпкерлері, тауар өндірушілер көтерме сауда қызметімен айналысатын кәсіпкерлер қатысады».

Арзан баға мен жоғары сапа ұштасқан бұл игі шара 10жылдан бері өткізіліп келеді. Және алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Ботакөз Әнуар