Úı ANONS Дін қызметкерлері аттестациялаудан өтті

Дін қызметкерлері аттестациялаудан өтті

Шымкент қаласында діни қызметкерлерді аттестациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шара, дін саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мен олардың қызметін жүйелеуге бағытталып отыр. Сонымен қатар, дәстүрлі құндылықтарды насихаттап, теріс ағымдардың алдын алуға мүмкіндік береді дейді мамандар. 

Қаладағы мешіт имамдары мен діни қызметкерлер арнайы комиссия алдында білімдерін дәлелдеп жатыр. Олардың бірі — Назирхан Ташходжаев. Ол Әбдурахман мешітінің бас имамы. 32 жылдан бері діни салада жүрген азамат, аттестациялаудың пайдасы мен берері көп деп отыр. Өйткені, уақыт өткен сайын, білімді шыңдап тұру қажет дейді.

НАЗИРХАН ТАСХОДЖАЕВ, «ӘБДУРАХМАН» МЕШІТІҢ БАС ИМАМЫ: «Аттестациялау негізі имамдарға өте пайдалы деп түсіндім. Оқуды бітіргенімізге 30 жылдан асқан босла, білімді қайтадан жаңартып, естен шыққан пәтуалар бар болса, еске салады. Білім деген қайталаудың жемісі. Қайталанып тұрмаса, ұмытылып кететін дүние».

Аттестация барысында олардың діни сауаты, шариғат негіздерін білу деңгейі, сондай-ақ қоғаммен жұмыс істеу қабілеті жан-жақты бағаланды. Сонымен қатар, олардың уағыз айту шеберлігі мен қоғамдағы өзекті мәселелерге көзқарасы да назардан тыс қалмады. Мамандардың айтуынша, бұл  діни қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Бұдан бөлек, жат ағымдардың алдын алуға жол ашады. Мұнан соң, қорытындысы бойынша егер тиісті баллдық жүйені жинай алмаса, кейбір қызметкерлерге қосымша білім жетілдіру курстарынан өту ұсынылады. Ал жоғары нәтиже көрсеткен мамандар өз қызметін әрі қарай жалғастырады.

ЕРМЕК МҰҚАТАЙ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Егер де бір бұл аттестациядан қандай да бір себеппен өте алмай қалып жатса, адам баласы ғой. Қобалжып жатады. Ол кісілерге қайтадан өтуге  мүмкіндік беріп жатады. Егер, одан да өте алмаса, арнайы білімін жетілдіру курстарға жібереледі».

Биылғы аттестацияға 300 — ден астам адам қатысып жатыр. Олардың 60 пайызы жастар. Бұл көрсеткіш салаға жас мамандардың көптеп келіп жатқанын аңғартады. Десе де, мегаполистегі діни қызметкерлер әр тестілеу барысында жоғары нәтиже көрсетіп келеді дейді имам орынбасары.

МҰХАМЕДЖАН ЕСТЕМІРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БАС ИМАМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Биылғы жылдың ауқымы өте ерекше болып жатыр. Компьютерлік тестілеу бойынша, ауызша тапсырып жатыр. Жалпы нәтижелер жаман емес. Имамдар бұған дейін семинар, курстардан өтті. Бұған дейін 2023 жылы аттестация кезінде Шымкент қаласы алғашқы орындардан көрінді. Біздің шаһарымыздың имамы, республика бойынша екінші орын алғанын айтып кетсек болады. Бұлда бір жетістік».

Айта кетейік,  жүйелі түрде өтетін мұндай аттестациялар елдегі діни ахуалды тұрақтандыруға және рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, білімді де білікті діни мамандар,  қоғам бірлігі мен рухани тұтастықтың негізі дейді жауаптылар.

Нұргүл Жолымбетова