Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының дерегінше, жыл басынан бері жаңа құрылыс жұмыстарын бастау туралы 2 мыңға жуық хабарлама түскен. Ал лицензиялау және аттестациялау бойынша өтініш саны 500-ге жуықтаған. Рұқсат етілген және етілмеген құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс істегендерге салынған айыппұл көлемі 183 миллион теңгеге жуықтаған.
Бүгін Шымкенттегі өңірлік коммуникациялар орталығында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Басқарма басшысының орынбасары Алдияр Мұсабаевтың айтуынша, өткен 11 айда басқармаға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталатындығы туралы 1909 хабарлама түскен. Оның 1309-ы реестрге тіркелген. Қалғаны кері қайтарылған.
Бұдан бөлек, басқарма басшысының орынбасары баспасөз мәслихатында лицензиялау және аттестациялау жайы туралы да сөз қозғады. Айтуынша, бұл бағытта басқармаға 479 өтініш жазылған. Оның ішінде 40 адамға лицензия берілген. 181 өтініш қайта рәсімделген, 61 адам бас тартқан. Ал 200-ге жуық өтініш талапқа сай болмаған соң кері қайтарылған.
Жалпы қоса айтқанда 11 айда басқарма қызметкерлері рұқсат етілген және етілмеген құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс істегендерге 183 миллион теңге шамасында әкімшілік айыппұл салғаны белгілі болды. Қазірге оның 140 миллион теңгеден астамы өндірілген. Ал әкімшілік құқықбұзушылық саны 150-ге жуықтаған.
Дилара Иса






