Шымкент қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне бір реттік әлеуметтік төлем берілді. Бұл бастама қала әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып, аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыру мен еңбегін құрметтеуге бағытталған.
Мерекелік қолдау 2026 жылдың 8 наурызына дейін Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, сондай-ақ «Батыр ана» атағы мен I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлеріне көрсетілді. Жалпы қала бойынша 14 267 анаға бір реттік әлеуметтік көмек берілді.
Бір реттік төлем мөлшері 5 айлық есептік көрсеткішті құрап, 21 625 теңге көлемінде белгіленді. Аталған мақсатқа жергілікті бюджеттен 308,5 млн теңге бөлінді.
Алқа иелерінің тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректер базасы негізінде қалыптастырылды. Корпорацияның мәліметіне сәйкес, Шымкент қаласында жалпы 15 030 ананың мемлекеттік төлемдер базасы тіркелген. Алайда мерекелік төлем 763 анаға аударылмаған. Бұған олардың құжаттарының тиісті деңгейде рәсімделмеуі себеп болған. Атап айтқанда, кейбір азаматтардың мекенжайы басқа өңірге ауысқан немесе тіркеуден шығып, қайта тіркелмегені анықталған. Осыған байланысты мамандар азаматтарға басқа өңірге қоныс аударған жағдайда мемлекеттік төлемдер базасын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) өтініш беру арқылы жаңа өңірге ауыстыру қажеттігін ескертеді.
Бұл рәсім жергілікті бюджет есебінен берілетін мерекелік бір реттік төлемдерді уақытылы алу үшін маңызды болып табылады. Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.


