Úı ANONS Қалалық мәслихат төрағасы жеке қабылдау өткізді

Қалалық мәслихат төрағасы жеке қабылдау өткізді

Шымкентте қалалық мәслихат төрағасы жеке қабылдау өткізді. Жиында мегаполис тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерді көтеріп, өтініштерін білдірді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешілсе, кейбірі қосымша қарауды талап етеді екен. Азаматтардың халық қалаулыларына қандай өтініш-тілекпен келгенін арна тілшісі біліп қайтты.

Ұлжан Сабазова – бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Оның жолдасы Жомарт Сәрсенбеков 10 жыл бұрын қызмет барысында қаза тапқан. Төтенше жағдай қызметінде жұмыс істеген марқұм жоғалып кеткен туристі құтқарамын деп жанын пида етіпті. Бүгін жесір әйел сол ерлікті мәңгі есте сақтау үшін батыр күйеуінің есімін қала көшелерінің біріне беруді сұрап отыр.

ҰЛЖАН САБАЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «2016 жылы 30 мамырда шақырту түскен. Ақмешіт шатқалында туристі құтқару керек деген. Сол жаққа барған. Ол кісіні тапқан. Сол кісіге су ұсынып, жағдайыңыз қалай деп сұрап жатқанда өзінің аяғы тайып, құздан ұшып кеткен. Құтқарған кісі тірі. Өзі өмірден өтіп кетті, енді мен  мәслихаттың мәселесінде ол кісінің есімін көше атына беруді сұрап келдім. Жақсы хабар алып шықтым. Қараймыз деді ол мәселені»

Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов мұндай өтініштерді қарауда арнайы тәртіп қажет екенін атап өтті. Енді өтініш ресми түрде ономастикалық комиссияға жіберілмек. Сонымен бірге қабылдау барысында инклюзивтік ортаны қамтамасыз ету, қоғамдық орындардағы пандустардың қолжетімділігі және «Инватакси» қызметінің жұмысы сияқты мәселелер де көтерілді.

БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емханаға барып келуіндегі қиындықтар аталып өтті. Инватакси кешігіп келеді. Инватаксиді былтыр қала әкімінің қолдауымен 10 инватаксиге көбейген еді. 38 инватакси жұмыс істеп жатыр. Тек инватакси емес, жай көліктің өзі көбейген соң кешігетін жағдайлар бар. Оны түсіндіріп айтып жатырмыз. Онда да реттеу жағын қарастырып жатырмыз»

Бұл жолы депутаттардың жеке қабылдауына 16 адам келді. Кейбір мәселе сол сәтте шешілсе, қосымша қаржы немесе әкімшілік шешімін қажет ететін өтініштер тиісті органдардың қарауына берілді.

Лаура Бабас