Úı ANONS Қуыршақ театры барша көрермендерді жаңа премьераға шақырады

Қуыршақ театры барша көрермендерді жаңа премьераға шақырады

фото ШҚТБҚ

2026 жылғы 12 наурыз күні сағат 11:00-де Шымкент қалалық қуыршақ театрында Наурыз мерекесіне арналған «Тазша бала – Наурыз» атты жаңа қойылымның салтанатты премьерасы өтеді.

Аталған сахналық туынды – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының терең мазмұнын жас көрермендерге заманауи театр тілі арқылы жеткізуді мақсат еткен мерекелік қойылым.

Қойылым авторы және қоюшы режиссері театрдың көркемдік жетекшісі – М. Малдыбаева, Қоюшы суретші – Г. Бабаева, Музыкалық көркемдеуші – А. Апеков.

Спектакль желісі қазақ ертегілерінің сүйікті кейіпкері Тазша баланың тапқырлығы мен әділдігіне негізделген. Оқиға барысында ауыл тұрғындары Наурыз мерекесіне дайындалып, киіз үй тігіп, Наурыз көже әзірлейді. Алайда сараңдық пен қатыгездіктің символына айналған кейіпкерлер мерекеге кедергі келтіруге тырысады. Табиғат мезгілдерінің тартысы, Қыс пен Көктемнің айқасы арқылы өмір заңдылығы, жаңару мен жақсылықтың салтанат құруы көркем бейнеленеді.

Тазша бала өзінің ақылдылығының арқасында балаларды бірлікке шақырып, жақсылық пен мейірімнің жеңісін қамтамасыз етеді. Қойылым барысында ұлттық ойындар, флешмобтар, интерактивті сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, көрермен балалар белсенді түрде қатысады. Бұл спектакльді тек тамашалау емес, бірге сезіну, бірге тойлау мүмкіндігін береді.

Спектакльдің негізгі идеясы – бірлік бар жерде тірлік бар екенін ұғындыру, жомарттық пен қайырымдылықтың қадірін дәріптеу, ұлттық мәдени мұраны жас ұрпақ санасына сіңіру. Қойылым балалардың эстетикалық талғамын қалыптастырып қана қоймай, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне оң ықпал етеді.

«Тазша бала – Наурыз» қойылымы – ұлттық болмыс пен заманауи театр формасының үйлесімін тапқан, мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор мерекелік сахналық туынды.

📍 Өтетін орны: Шымкент қалалық қуыршақ театры

Мекенжайы: Шымкент қ., Қазыбек би 34, «Кең баба» саябағы.

📞 Байланыс телефоны:  92-16-44, 📱 8 707 802 77 80

📧 E-mail: shymkent.kuyrshak@mail.ru

🔵 Facebook: [Shymkent Kuyrshak]

📸 Instagram: @shymkent.kuyrshak

 

Шымкент қалалық қуыршақ театры барша көрермендерді жаңа премьераға шақырады.