Мұхтар Шаханов – 75 жаста

1429
Мұхтар Шаханов - 75 жаста

Қазақтың азулы ақыны Мұқтар Шаханов 75 жасқа толды. Осы айтулы датаға орай Оңтүстік өңірінің тұрғындары қаламгердің туған күнін есте қаларлықтай атап өтті. Шымкентте ақынның арнайы шығармашылық кеші дүркіреп ұйымдастырылды.

Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрына жиналған халық – заманымыздың заңғар ақыны Мұқтар Шахановты құттықтауға келгендер. Оқырмандар жазушыға толассыз тілектерін жаудырды. Алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз сөйлеп, Оңтүстік өңірінің халқы ел ағасымен мақтан тұтатынын жеткізді.

Халық жазушысы қазақ халқының тағдырына байланысты көптеген тақырыптарды көтерген. Олардың негізгілерін атап айтсақ, Ана тілі мәртебесі, Ызғарлы желтоқсан шындығы және Арал тағдыры. Кеш барысында ақынның еліне сіңірген еңбектері келушілерге тағы да ұсынылды. Сондай-ақ «Отырар дастаны» поэмасының желісі бойынша түсірілген анимациялық фильм көрермен қауымға көрсетілді.

 

Оңтүстіктің әлем таныған ақыны Шахановты мақтан тұтатын оқырмандары жеткілікті. Кеш барысында ұлт мақтанышының әсем де сырлы махаббат әндері шырқалды. Және туған елге деген махаббатты көрсететін өлеңдері оқылып, жиналған көпшілік әдемі әсерге бөленді.

ХХІ ғасырдың жалынды ақынына айналған Мұқтар Шахановтың мерей тойы жоғары деңгейде аталып өтті. Ақын ағамыз тек оңтүстіктің ғана емес, бүкіл исі қазақтың және түркі әлемінің мақтан тұтар айдыны екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Жанерке Хұмар