Úı ANONS «Домалақ ана» кесенесінің құлпын шырақшы неге сындырды?

«Домалақ ана» кесенесінің құлпын шырақшы неге сындырды?

Түркістан облысындағы «Домалақ ана» кесенесінен шу шықты. Шырақшы кесене қақпасындағы құлыпты балғамен бұзып тастады. Оқиғаның мән-жайы қандай? Шырақшы неге мұндай қадамға барды? Бұл әрекет сот шешімімен қалай байланысты?

Бұл — Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі аумағында болған дау. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кесене қақпасындағы ер адамның құлыпты балғамен ұрып, сындырып жатқанын байқауға болады.

 

Бәйдібек ауданы әкімдігі оқиғаның болғанын растады. Әкімдік дерегінше кесене аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық жолашылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жасыл саябақтар» мекемесінің теңгеріміне өткен. Дау кесенеден шырақшы Құрманбек Дәулетовті мәжбүрлеп шығару туралы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен байланысты.

 

«2026 жылғы 27 наурызда сот шешімін орындау мақсатында сот орындаушысы А.Бегалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім, мекеме басшыларының қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Шырақшылар тарапынан кесене есіктеріне құлып салынып, туристердің кесенеге кіруіне кедергі келтірілген. Оларға теріс әрекеттері үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескерту жасалынған»

БӘЙДІБЕК АУДАНДЫ ӘКІМДІГІ

Видеоны Атырау облысынан келген саяхатшылар түсірген. Олар кесенеге кіре алмай, әбігерге түскен. Қаратаудың күнгейінде Балабөген өзенінің аңғарында орналасқан «Домалақ ана» кесенесі XV ғасырдың сәулеттік ескерткіші, киелі тәуеп ету орны. Маңғыстаудың ақ тасынан қаланған, биіктігі 12 метр, 8 жапырақты күмбезді құрылыс. Кесене бірнеше рет қайта тұрғызылып, қазіргі кейпіне 1996-1998 жылдары енген.

Дилара Иса