Úı Jańalyqtar Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдер

Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдер

фото gov.kz

 

Қазақстанда адам денсаулығына әлеуетті қауіп төндіретін, ЕАЭО аумағына әкелінетін немесе өндірілетін тағам, косметика, тұрмыстық химия, балалар өнімдері мен ББҚ (БАД) міндетті мемлекеттік тіркеуден өтеді.

Мемлекеттік тіркеуге жататын негізгі өнімдер:

 

  • Арнайы тағам өнімдері:Балалар тағамы, диеталық емдік және профилактикалық өнімдер, жүкті және емізулі әйелдерге арналған тағамдар, минералды сулар, спортшыларға арналған тағамдар, биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ).
  • Тұрмыстық химия және химиялық заттар:Жуғыш заттар, тазалағыш құралдар, адам денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін химиялық заттар.
  • Косметика және гигиена:Парфюмерлік-косметикалық өнімдер, ауыз қуысының гигиенасы құралдары.
  • Басқалар:Дезинфекциялау құралдары, тамақ өнімімен жанасатын кейбір материалдар.

 

Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімді жарнамалауда міндетті түрде көрсетілуі тиіс ақпарат: тауардың сауда атауы және өндірушінің атауы; өнімнің мақсаты; ҚР және (немесе) ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеудің бар екені туралы мәлімет; қолдану көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері мен жанама әсерлері туралы ескерту (бар болған жағдайда) болуы керек.

Қазіргі таңда биологиялық белсенді қоспалардың көптеген түрі бар, олардың  жарнамасына қосымша талаптар: белсенді компоненттері; қолдану тәсілі және дозасы; жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері; балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге қолдану ерекшеліктері; сатылу шарттары; қолдануға арналған көрнекі нұсқаулық; өндіруші мен Қазақстандағы уәкілетті тұлғаның мекенжайы; «дәрілік зат болып табылмайды» деген ескерту болу керек.

Дезинфекциялық құралдар жарнамасында мыналар болуы керек: қолдану бойынша нұсқаулық; сақтық шаралары болуы тиіс.                          

       Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімді сатып аларда, әсіресе интернет сауда дүкендері арқылы сатып аларда сатушыдан міндетті түрде мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті сұраңыз. Куәліктің шынайылығын тексертіңіз. Егер жарнамада қажетті ақпарат болмаса немесе сатушы мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беруден бас тартса – мұндай өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз дұрыс. Бұл сіздің денсаулығыңыз үшін қауіпті болуы мүмкін!

М.Сатымбекова,

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының

СЭББ-ның бас маманы