Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров дәртүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Бурмистрованы қабылдады. Кездесу кезінде ұлттық өнерді дамыту, дәстүрлі ән мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланды.
Әсіресе, қазақтың төл мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын терме мен дәстүрлі ән жанрын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Облыс әкімі өңірде мәдениетті дамытуға, оның ішінде дәстүрлі өнерді қолдауға басымдық берілетінін атап өтті.
Татьяна Бурмистрова – ұзақ жылдар бойы қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп келе жатқан өнер иесі. Ол тек орындаушы ретінде ғана емес, ұлттық мәдениеттің жанашыры ретінде де танылған. Биыл әншінің өнер жолында жүргеніне 50 жыл толады. Кездесу соңында тараптар ұлттық өнерді өркендету жолында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде уағдаласты.
Дилара Иса


