Жаз мезгілі жақындаған сайын жұмсақ балмұздаққа сұраныс артады. Ал тәттінің бұл түрі тез бұзылатын өнімдердің қатарына жатады. Егер санитарлық талаптар сақталмаса, оның құрамында түрлі бактериялар көбейіп, адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін. Алайда көпшілік оны санитарлық талаптарға мән бермей сатып алып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? Мамандар не дейді?
Жайма шуақ көктем келіп, күннің шуағы ерекше сезіле бастады. Ауа температурасы 30 градусқа дейін көтерілді. Мұндай ыстықта қала көшелері де жанданып, адамдар салқындық іздеп әлек. Бірі көлеңке саясын паналаса, енді бірі сергітетін тәтті балмұздаққа қол созады. Балмұздақ – тек дәмді десерт қана емес, аптап ыстықта жанға жайлы салқын сыйлайды.
Күн ыси салып, көшедегі балмұздақ сататын нүктелердің қарасы көбейеді. Әсіресе жұмсақ балмұздақ балалар мен ересектер арасында сұранысқа ие. Алайда оның дайындалу жағдайы мен сапасына бәрі бірдей назар аудара бермейді. Ашық ауада, арнайы қорғаныссыз сатылып жатқан өнім адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ал, қала тұрғындары мұны ескеріп жатыр ма?
«Балмұздаққа мән береміз. Дәміне қарап ұнап жатса, келеміз. Ештеңеге мән бермеймін. Оған қарап отырмайсың ғой. Уақыт та жоқ қой. Алып кете бересің».
САНЖАР МҰҚАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Қазіргі маусымда бәріміз балмұздақ жейміз. Кішкентай да, үлкен де, кішкентай да ешкім қарамайды. Таңдамай жейтінімз рас енді».
«Мән беремін. Себебі, организмге кетеді. Организм арқылы ауру алуың мүмкін. Сондықтан, мән беру керек деп ойлаймын».
Дәрігерлердің айтуынша, сапасыз немесе дұрыс сақталмаған балмұздақтан улану қаупі жоғары. Әсіресе балалар үшін бұл өте қауіпті. Ішек инфекциялары, асқазан аурулары жиі тіркеледі. Және жоғарғы тыныс алу жолдарының ауруына да тап болуы мүмкін дейді. Яғни, өнімнің құрамы мен сақталу мерзімі талапқа сай болмаса, адамда жүрек айну, құсу, іш өту секілді белгілер пайда болуы мүмкін. Сондықтан тағам таңдауда мұқият болу қажет. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен қызметкерлер санитарлық талаптарды толықтай ескеруі тиіс.
ӘСЕМ ДӘУЛЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Біріншіден әрине, ауыз су, лас су жүйесінің үздіксіз болуы, екіншіден жұмысшылардың медициналық тексеруден өтуі, оның шынайы өтуі, сонымен қатар, бактерия тасымалдаушылыққа міндетті түрде өтуі керек. Одан кейінгі талаптар жеке бас гигиенасын сақтау, арнайы киімдер кию, бір реттік қолғаптар кию және жұмыс орнын залалсыздандыру».
Мамандар, балмұздақ сатып аларда ең алдымен сатушының тазалығына, құрылғының жағдайына және өнімнің сақталу тәртібіне мән беруге кеңес береді. Сонымен қатар, рұқсат құжаттарының болуы да маңызды деп отыр.
Айта кету керек, қала бойынша санитарлық-эпидемиологиялық департаментіне небәрі 39 жұмсақ балмұздақ сату нүктесі тіркелген. Бұл арнайы ашылып, жұмыс істеп жатқанын дәлелдегендер екен. Ал, кейбір кәсіпкерлер мұны ескермей саудасын қыздырып жатыр. Егер де, олардан олқылықтар табылып жатса, жауапкершілкке тартылуы мүмкін.
Нұргүл Жолымбетова


