Нөсер жаңбырдың салдарынан қысқа уақыт ішінде қала аумағында тәуліктік мөлшерден асатын жауын-шашын түсті. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Жауын-шашын әлі де жалғасып жатқанына қарамастан, мамандар көшелерде, тұрғын үйлердің аулаларында және су жиналған учаскелерде жиналған суды сору жұмысын жүргізуде.
Бұл жұмысқа барлық коммуналдық кәсіпорындардың бригадалары, арнайы техника және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылған. Сонымен қатар судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін нөсер кәріздері мен арық жүйелерін тазалау жұмысы қатар атқарылуда.
Қала әкімі мен орынбасарлары және аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшылары да мамандармен бірге жауын-шашын салдарын жою шараларына атсалысып жатыр.
Жағдай тұрақты бақылауда. Суды жедел шығару және ахуалды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.







