Úı ANONS Қазақстанда міндетті автосақтандыру құны қымбаттайды

Қазақстанда міндетті автосақтандыру құны қымбаттайды

Қазақстанда міндетті автосақтандыру құны қымбаттайды. Бұл өзгерістер тарифтерді есептеудің жаңа жүйесіне және жол апатына түспей жүрген жүргізушілерге берілетін жеңілдіктерді қайта қарауға байланысты енгізілмек. Енді полис бағасы жүргізушінің сақтандыру тарихына, көліктің тіркелген өңіріне және сақтандыру компанияларының тәуекелді бағалауына тікелей тәуелді болады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар сақтандыру нарығындағы шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Алайда кейбір жүргізушілер үшін сақтандыру бағасы айтарлықтай өсуі ықтимал.

 

Алдағы уақытта Қазақстанда міндетті автосақтандыру полисінің құны едәуір қымбаттауы мүмкін. Бұған жол-көлік оқиғалары санының көбеюі мен сақтандыру төлемдерінің артуы себеп болып отыр. Сақтандыру компаниялары нарықтағы шығын көлемінің өскенін айтып, кейбірі полистерді сатуға шектеу қоя бастаған. Қазіргі таңда қазақстандық жүргізушілердің жартысына жуығы «бонус-малус» жүйесінің ең жоғарысы 13-сыныбына ие. Олар апатсыз жүргізгені үшін 50 пайызға дейін жеңілдік алып келеді. Алайда алдағы өзгерістер бұл жеңілдіктердің көлемін айтарлықтай қысқартуы мүмкін.

 

АЗАМАТ КЕРІМБАЕВ, «FREEDOM INSURANCE» СК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: «Бонус-малус коэффициенттері өзгереді. Бұған дейін жыл сайын 5 пайыз көлемінде жеңілдік қарастырылса, енді ол 3 пайызға дейін қысқарады. Бонус-малус жүйесінің 13-сыныбындағы, яғни еліміздегі көлік иелерінің жартысына жуығы үшін сақтандыру бағасы шамамен 40 пайызға өседі. Сонымен қатар, 3-тен 12-сыныпқа дейінгі барлық жүргізушілер үшін де тариф қымбаттайды».

 

Сонымен қатар, тариф есептеу жүйесі барынша жекелендірілген тәсілге көшеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл сақтандыру жүйесін әділ әрі икемді етуге мүмкіндік береді.

 

ДӘУРЕН ҚАСЫМЖАНОВ, ҚНРДА САҚТАНДЫРУ НАРЫҒЫ ЖӘНЕ АКТУАРЛЫҚ ЕСЕПТЕУЛЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАН-АКТУАРИЙІ: «Сақтандыру келісімшартының құнына бонус-малус жүйесінен бөлек, сақтанушы мен көлік құралына қатысты өзге де жеке параметрлер әсер етеді. Атап айтқанда, көліктің түрі, жүргізушінің жасы, көлік жүргізу өтілі, тіркелген өңірі және басқа да факторлар ескеріледі. Бұл «қатаңдату» емес, тәуекелдерді барынша нақты бағалауға негізделген жекелендірілген жүйеге көшу».

 

Ал жүргізушілер сақтандыру құны өссе, қызмет көрсету сапасы да жақсарады деп үміттенеді. Көлік иелері төлем көлемі ұлғайып, өтемақы жүйесі ашық әрі түсінікті болғанын қалайды.

 

АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ: «Сақтандыру компаниялары енді клиент үшін өзара бәсекеге түседі. Әртүрлі жеңілдіктер, бонустар мен сыйақылар ұсына бастайды. Адамдарды сақтандыруға тарту үшін оның нақты артықшылықтарын көрсету қажет. Жүргізушілер сақтандырудың өздерін қорғайтынын түсінуі тиіс. Яғни, жол апатына өзі кінәлі болған жағдайда, үшінші тұлғаларға келтірілген шығынды сақтандыру компаниясы өтейтінін білуі керек».

 

Сарапшылардың пікірінше, жаңа өзгерістерден кейін сақтандыру компаниялары арасындағы бәсекелестік күшейе түседі. Енді жүргізушілер полистің бағасына ғана емес, қызмет көрсету сапасына, төлемдердің жеделдігіне және компанияның беделіне де көбірек мән беретін болады.

Нұргүл Жолымбетова