Дендросаябаққа құны бір бөлмелі пәтермен пара-пар дәретханалар сатып алынған

59

Шымкенттегі дендросаябаққа құны бір бөлмелі пәтермен пара-пар көше дәретханалары сатып алынған. «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дендрологиялық бақ үшін жалпы саны 5 әжетханаға бөлген. Жұмсалған қаржы көлемі – 45 млн теңге. Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бөлінген қаржы тиімді жұмсалмағанын айтады. Ал әрқайсысы 9 млн. теңге тұратын әжетхананың жағдайы да мәз емес көрінеді.

Бұл – құны 9 миллион теңге тұратын әжетхана. Шымкенттегі дендрологиялық саябаққа дәл осындай 5 дәретхана сатып алынған. Сәйкесінше, 45 млн. теңге қаржы жұмсалған. Алайда, құны бір бөлмелі пәтермен шамалас әжетханалардың жағдайы мәз емес. Қақпағы сынған, жылы су жоқ, қол кептіруге арналған құрал да істен шыққан және ең бастысы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелердің есігі жабық.

Саябақта жұмыс істейтін тазалықшылар дәретхананың бұған дейінгі үлгісі қолайлы еді дейді.

Гүлжан Мейірбекова, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ қызметкері: «Біздің халық мұндай әжетханаларға әлі дайын емес. Үнемі қоқып жатады. Бүгін істеп қойса, ертең сындырып кетеді. Үстіне мініп отырады. Көпшілік әлі ескі туалетті пайдаланады. Себебі мынаның ішінде отыру мүмкін емес, иісі де шығып кетеді.  Қазір істесеңіз, қазір бығып кетеді. Су толып жатады».

Дәретхана салуға қажетті қаржы «Шымкент – қайырымды қала» қорынан бөлінген. Ал бұл қор 2020 жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан құрылған. 2 жыл ішінде мұнда демеушілік көмек ретінде 1 млрд-қа жуық қаржы түскен. Ал оның 45 миллионы 5 дәретханаға жұмсалып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан 1 ай көлемінде сыртқы талдау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, бірқатар кемшілік анықталыпты.

Жани Қамбар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша депаратментінің бас маманы: «Наурыз айында жүргізілді. Талдаудың нәтижесінде бірнеше фактілер, кемшіліктер анықталды. Осы бойынша біздің тараптан тиісті ұсыныстар енгізілді. 2020 жылы дендрологиялық саябақ 7 модульдік әжетхана салуға мемлекеттік сатып алу порталына ұсыныс береді. Ол жерде 35 млн-ға қаржыға, әрқайсысы 5,3 млн. теңгеден түседі. Бірақ ақпараттық жүйе бар, сонда медианалық баға деген болады, сол жерде 1 әжетхананың бағасы – 4 млн 450 мың теңге жуық болған. Бірақ біз баға көтерілген деген ұсыныс тастадық. Содан кейін саябақ әжетхананы сатып алудан мүлдем бас тартады».

Дегенмен 2021 жылы дендрологиялық саябақ әкімшілігі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына модульдік әжетхана қажет деген ұсыныспен шығады. 4 күннің ішінде «Шымкент – қайырымды қала» қорына демеушілік көмек ретінде 45 млн. теңге қаржы аударылады.

Жани Қамбар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша депаратментінің бас маманы: «Әрине, бұл бюджеттік қаржы емес, дегенмен бұл демеуші, меценаттардың қаржысы болғандықтан қаржыны мақсатты, тиімді жұмсау қажет. Бұл жерде орташа бағаны көрсететін ақпараттық жүйе де бар, сонымен қатар корпоративтік қордан түскен қаржыны да тиімді пайдалану керек еді Сонда 9 миллионнан түспейтін еді».

Жалпы, «Шымкент -қайырымды қала» қоры азаматтардың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету, бизнестік бастамаларды қолдау және бизнес-жобаларды қаржыландыру үшін құрылған. Алайда, қор қаржысы басқа бағытта, яғни дәретхана сатып алу үшін де жұмсалып отыр. Ал тиісті бағадан 2 есе қымбатқа сатып алынған әжетхананың талапқа сай немесе сай еместігін алда тиісті уәкілетті орган тексереді.

 Гүлдана Дәурен