Úı ANONS Мопед жүргізушілеріне бақылау күшейді

Мопед жүргізушілеріне бақылау күшейді

Қалада мопед саны күн санап артып келеді. Тізгінде – курьерлер, жеткізушілер, сондай-ақ екі дөңгелекті көлікпен жүруді ұнататын жастар. Алайда олардың жүргізу мәдениеті әрдайым талапқа сай емес. Оның үстіне, мопед енді механикалық көлік құралына теңестірілді. Демек, жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы тиіс.

 

Осыған орай, Шымкентте мопед жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында көрнекі профилактикалық акция ұйымдастырылды. Шараның бастамашылары – Тұран ауданы әкімдігі мен полиция қызметкерлері.

Жол-көлік оқиғасының ауыр салдарын полиция қызметкерлері көрнекі түрде көрсетуді жөн көрді. Сол үшін Қажымұқан стадионы алаңына жеңіл көлік пен мопедтің апаттан кейінгі сынықтары әкелінді. Көрермендер жол ережесін сақтамау мен жылдамдықты арттырудың қандай салдарға әкелетінін өз көзімен көрді.

 

БАҚЫТ МЕЛДЕБЕКОВ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтамаудың салдары қалай болатыны көрсетілді.  Автокөліктер, мотоциклдар көрсетілді. Белгіленген жерден өту бойынша осындай жұмыстар жалғасады».

Еске салайық, 5 сәуірден бастап Қазақстанда мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі. Яғни, олардың иелері жол ережесін бұзған жағдайда автокөлік жүргізушілерімен бірдей жауапкершілікке тартылады. Құқық қорғау қызметкерлерінің  айтуынша, бұл жүргізушілердің тәртібін күшейтуге ықпал етпек. Қазіргі таңда мопед жүргізушілері қаладағы жол-көлік оқиғаларының шамамен 5 пайызына себепкер болып отыр.

 

ГҮЛНАР АЙТБАЕВА, ЕРІКТІ: «Бұл жерде жол қозғалысы ережелері туралы білдік. Мұндай  акция жастар мен оқушылар үшін өте пайдалы. Мұндай іс шаралар көптеп ұйымдастырылп тұруы қажет.

Мұндай акциялар мопед жүргізушілеріне үлгі болып, оларды жолда барынша сақ болуға шақырады деген үміт бар.

Нұргүл Жолымбетова