Шымкентте тағы 30 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. Қаламызда баспана кезегінде тұрғандарға мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер кілттері табысталды.Бұл жолы баспана иелеріне несие небәрі 2 және 10 пайыздық өте тиімді мөлшерлемемен берілген. Көптен күткен баспанаға қол жеткізген жандардың қуанышында шек жоқ. Жаңа қоныс иелерінің алғашқы әсері…
Шырайлы Шымкентте бүгін тағы 30 отбасының арманы орындалды. Баспана кезегінде тұрған тұрғындарға Бозарық шағынауданынан жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Қуаныш иелерінің арасында көпбалалы ана Нұрсұлу Балтамашова да бар. Жылдар бойы өз шаңырағын күткен ана үшін бүгінгі күн – үлкен мереке.
НҰРСҰЛУ БАЛТАМАШОВА, ТҰРҒЫН: «Менің қуанышымда шек жоқ. Мен бұл үйді 6 жыл күттім. Көпбалалы ретінде Бозарықтан Алла нәсіп етіп үй бұйырды. Қала әкіміне рақметім шексіз. Мен өте қуаныштымын. Өте толқып тұрмын. Ішімдегіні сөзбен жеткізе алмаймын».
Бұл баспаналар жеңілдетілген несие арқылы берілуде, оның мерзімі 20 жылға дейін созылады. Несие мөлшерлемесі санатқа байланысты екіге бөлінеді: І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мен көпбалалы отбасылар секілді арнайы санаттағылар 2 пайызбен алса, мемлекеттік қызметкерлер мен кезекте тұрған өзге де азаматтар 5 пайыздық мөлшерлемемен рәсімдейді.
Тұрғындар үйді алған кезде бастапқы жарна ретінде 10 пайыз төлеуі тиіс. Сонымен қатар, мердігер компания жаңа үйлердің сапасына 7 жылдық кепілдік береді. Осы мерзім ішінде құрылысқа қатысты қандай да бір ақау анықталса, мердігер оны өз есебінен жөндеп беруге міндетті. Дегенмен, кепілдікті сақтаудың өз талаптары бар.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Ал егер алдағы уақытта кіріп өздігінен бұзып, яғни тұрғындар тарапынан кемшіліктер орын алған жағдайда мысалы қайта жоспарлау дейміз басқа да ол кезде кепілдік мерзімі жойылады. Сату, сатып алу шартында қандай жағдайда кепілдік мерзімі сақталады және бұзылатыны жайлы талаптар қойылған».
Қазірде Шымкентте баспана кезегінде 96 мыңнан астам азамат тіркелген. Қала басшылығы биылғы жылға барлығы 7300 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге дейін оның 2600-ден астамы өз иелеріне табысталды. Жыл соңына дейін тағы 4500-ден аса пәтерді үлестіру көзделіп отыр.
Ботакөз Әнуар






