Шымкент қаласына ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының дәрігерлері жұмыс сапарымен келді. Республикалық орталықтан келген мамандар қала стационарларында күрделі хирургиялық операциялар жүргізіп, тұрғындарды қабылдады. Тегін кеңес беріп, ем түрлерін тағайындады.
Шымкент қалалық №1 ауруханасы базасында гинекологиялық күрделі операция жасалуда. Ота ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы мамандарының қатысуымен, тәжірибе алмасу форматында өткізілді. Бір күннің өзінде республикалық орталық дәрігерлерінің қатысуымен төрт гинекологиялық операция сәтті орындалды. Ал екінші күні Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығынан келген мамандар инсульт алған науқастарға ота жасауға дайындалуда.
ИСЛАМБЕК МҰСАБЕКОВ, ҚР ПІБ МО ауруханасының нейрохирург дәрігері: “Шымкент қаласына арнайы іс сапармен келдік. Сапар аясында екі күндік меморандум шеңберінде мастер-класс өткізіліп, тәжірибе алмасу, науқастарды қарау және заманауи, кесусіз (эндоваскулярлық) ми тамырлары операцияларын жасау жоспарланған. Қазіргі таңда екі науқас толық тексеріліп, қажетті дайындық жүргізілді. Жоспар бойынша ми тамырларындағы тарылуларды емдеу арқылы инсульттің алдын алу көзделуде”.
Екі күндік іс-шара аясында Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығынан келген ақ халаттылар Шымкент қалалық №1, №2 көпбейінді ауруханаларында және онкологиялық орталықта білікті мамандар жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып, пациенттерге кеңес беріп, қажетті тексерулер мен емдеу шараларын жүргізеді. Бұдан бөлек, қала дәрігерлері үшін лекциялар, семинарлар және тәжірибелік шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасалуда.
Айта кету керек, Шымкентте заманауи медицина қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 100-ден астам науқасқа жоғары технологиялық көмек көрсетілген.
Лаура Нақыпқызы







