Мемлекеттік қолдау жаңа кәсіп бастауға ниетті азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл – «Бастау Бизнес» жобасы. Бағдарлама аясында білім алып, бизнес-жоспарын әзірлеген үміткерлер өз жобаларын арнайы комиссия алдында қорғауда. Биыл да кәсіп бастауға ынталы азаматтардың қатары көп. Олардың басым бөлігі қай саланы таңдап отыр?
Өз кәсібін ашып, табысын арттыруды мақсат еткен азаматтар бүгінде бизнес-жоспарларын таныстырып жатыр. Жоба авторларының әрқайсысы нарық сұранысын ескеріп, өз идеясының тиімділігі мен болашағын дәлелдеуге тырысуда. Мәселен, Марина Абылаева 3 баланың анасы. Ерекше бала тәрбиелеп отырған келіншек, өз кәсібімді бастап, нәпақамды тапсам дейді. Айтуынша, бір жылдан бері сүт өнімдерін дайындап келеді. Күніне 5 бес сиыр сауып, 15 литрден астам ағарған алып сатуда.
МАРИНА АБЫЛАЕВА, ҮМІТКЕР: «Үйде бос отырған соң, бизнесті дамытсам деген ой келді. Малды сауатын аппараттар керек. Соларды алсам, дамытсам дегенмін. Үкімет осындай мүмкіндік берген соң, пайдалансам деп отырмын. Сүт өнімдері өзіме ұнады. Бастап жатырмын. Құрт, сүт, май, қаймақ. Қазіргі таңда өтімді өнімдер ғой. Адамдардың денсаулығына пайдалы. Сол үшін сүтт өнімдерін таңдадым».
Жобаларды бағалайтын комиссия құрамына түрлі саланың мамандары енгізілген. Атап айтқанда, мәслихат депутаттары, тәжірибелі кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ауыл шаруашылығы мен ғылым саласының мамандары, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің өкілдері бар. Олар әрбір бизнес-жоспардың өміршеңдігін, экономикалық тиімділігін және жүзеге асу мүмкіндігін жан-жақты саралайды.
БЕКЗАТ ТОЛЫБАЕВ, КОМИССИЯ МҮШЕСІ: «Күніне 100-ден аса азаматтардың өтінімдерін қараудамыз. Кеше 9 — да басталды. Кешкі сегізден аса қабылдадық. Қалада емес азаматтарға онлайн қабылдауға мүмкіндік бердік. Бүгінгі күнде комиссия қарауы өтіп жатыр. Жалпы келіп жатқан адамдардың көбісі, жартылай тамақ өнімдеріне, кондитерлік өнімдеріне, үйден ашамын деген азаматтар көп».
Үміткерлердің басым бөлігі халық арасында сұранысқа ие салаларды таңдаған. Атап айтқанда, жартылай дайын тағам өндірісі, сүт өнімдерін өңдеу, тігін ісі және жедел тамақ дайындау бағыттары ерекше қызығушылық тудырып отыр. Бастау бизнес жобасы азаматтардың кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, жаңа бастамалардың жүзеге асуына жол ашады. Іріктеуден өткен қатысушылар алдағы уақытта мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысып, өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алады.
Айта кету керек, биыл бағдарламаға қатысуға 435 азаматтан өтінім келіп түскен. Олардың ішінде іріктелгені 400 АЕК грант ұтып алады.
Нұргүл Жолымбетова






