Жаңаталапқа №125 бағытқа үлкен автобустар қатынайды

363

Жаңаталап елдімекеніне қатынайтын №125 бағыттағы шағын автобустардың орнына енді сыйымдылығы үлкен автобустар жүреді. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі жетекшісінің орынбасары Жарқын Байдуллаев мәлімдеді.

Жаңаталап елдімекеніндегі №81 мектепте Абай ауданының әкімі 2017 жылы атқарған жұмысы туралы халық алдында есеп берді. Жиынға аудан аумағына кіретін Самал-1, Алтынтөбе, Игілік, Көкбұлақ елдімекендері мен Жаңалатаптың да тұрғындары қатысты. Есептік кездесуде бұған қоса қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, депутаттар, әкімдік құрылымдарының жауапты мамандары, ардагерлер мен БАҚ өкілдері де болды.

Есепті жиында аудан әкімі Ахмет Татыбаев 2017 жылы атқарған жұмысының есебі туралы баяндама жасады. Одан кейін жарыссөз өтіп, тұрғындар аудан әкіміне сұрақтарын қойды. Жергілікті халық негізінен тұрғын үй-коммуналды саладағы түйткілдер, қаңғыбас иттердің көптігі туралы жеткізді. Бұған қоса Жаңаталап елдімекеніндегі үйлердің бірқатарының құжаттары толық емес. Аудан әкімдігінің мамандары жиында қойылған сұрақтарды жазып алды.

Ал жергілікті тұрғынды толғандырған қоғамдық көлік мәселесі наурыз айына қарай шешілетін болды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, көктемде қалаға жеткізілген автобустар №125 бағыттағы шағын автобустардың орнына жүретін болды. Жалпы, тұрғындар аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.