(Жалғасы. Басы өткен нөмірде)
2006 жылдың 26-қыркүйегінде Президенттің №182 Жарлығымен облысымызға әкім болып Өмірзақ Естайұлы Шөкеев тағайындалды. Жаңа әкімді тағайындауға Астанадан Кәрім Мәсімов пен Аслан Мусин арнайы келді. Бұған дейін Үкімет басшысы ғана келуші еді…Елордадан екі бірдей жоғары лауазымды азаматтың келуі облысқа әкім болып тағайындалған азаматтың да оңай кадр еместігін аңғартқаны бар. Расында да солай болып шықты. Өмірзақ Естайұлы іске батыл кірісті. Әрине, онысын «Үкіметтен келген адам. Жоғары жақтағылар қолдап отырған соң батыл кіріседі да» деушілер болмай қалған жоқ.
Не десе де Шөкеев Шымкенттің шырайын ашуға күш салды. Астанадан қаланы көріктендірумен айналысатын мамандарды арнайы шақыртты. Есілдің сол жағалауында ғана кездесетін ескерткіш — білезік, ханның сақинасы сынды элементтер Шымкенттің көшелеріне көрік беріп орнатылды. «Бір қалада бар нәрсені екінші қалада қайталаудың қажеті не? Шымкентке өзіне ғана тән ансамблді дизайын керек» дегендер әр-әр жерден айтылып қалғанмен, ешкімнің батылы жетіп мұны билікке ашық айта қоймады.
Есесіне, елдің еңсесі көтеріліп, облыс орталығының бір демде гүлге оранғанын көріп, көздері тояттады. Тіпті көпқабатты тұрғын үйлердің көшеге қараған қас беттеріндегі балкондарға да гүл егілді. Бұл істі қала әкімдігіндегілер мықтап қолға алды.
Шөкеевтің батылдығы сол, қала көшелерін облыстық әр басқармаға бөліп берді. Еншісіне тиген көшені көріктендіру, жаяусоқпақ жол салдырту, шам орнатып, гүл егу, апта сайын сенбі күні барып, ол көшенің тазалығын қадағалап тұру сол басқармалардың міндетіне айналды. Несі бар, қазақ Астанадай қаласын да асарлатып салған жоқ па?!
Егеменді елдің жаңа астанасы бой көтергенде барлық облыс өз мүмкіншілігіне қарай үлес қосты. Енді, Оңтүстіктің орталығы Шымкенттің шырайын ашудан басқармалар несіне аянып қалсын?! Оның үстіне бұл туған жерді түлету! Туған қалаға деген патриоттық сезімін нақты іспен дәлелдеу. Қойшы, әйтеуір, басқармалар арасында «кімнің көшесі үлгілі, керемет?! деген бір жарияланбаған жарыс пайда болды. Елдің есінде әсіресе өңіраралық жер инспекциясы (сол кездегі бастығы Б.Нақыпбеков еді) «еншісіне» алған Қазыбек би көшесінің түрленгені есте қалды. Түнде самаладай шам-шырақтар жарқырап, жаяу жүргінші жүретін жол өзгеше күйге енді.
Неге екенін кім білсін, Өмірзақ Шөкеевтің бастамалары тез жүзеге асып, тез арада орындалып жатты. Осының өзі-ақ Үкімет басынан келген әкімнің облыста ұзақ отырмайтындығын аңғартты. Шөкеев Шымкентке елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тез арада жақсартып, облыстағы әсіресе денсаулық саласының жұмысын жаңдандырып, бір ізге салу үшін келді. Онысы жүзеге асты да. Тіпті, бұған дейін облыс әкімі мен Шымкент қаласының әкімі арасында былайғы жұртқа біліне бермейтін «текетірес» жүріп жататыны бар еді.
Шымкент қаласының әкімі Анарбек Орман Шөкеевпен қоян-қолтық, бір қайықтың қос ескегінде жұмыс істеуге тырысып бақты. Қай мінберден сөз сөйлесе де «Под чутким руководством Умирзака Естаевича» деп сөйлеу Орман үшін дағдыға айналды. Ел екі басшының басы бір қазанға сыйғанына қуанды. Содан да болар гүлге оранған Шымкенттің көшелерінде күн құрғатпай «Су арнасы» ЖШС-нің мамандары су сеуіп жүруі үйреншікті әдет еді.
Өмірзақ Шөкеевтің облыстағы әрбір ауданға құрылысты жүргізуге 250 млн.теңгеден «бөліп» бергені елдің есінде қалды. Енді тек облыс орталығы ғана емес, аудан орталықтары да көркейтіліп, көшелер жарықтандырылды. Шөкеев көріктендірумен ғана айналысты деуге болмайды. Әсіресе, ауылшаруашылығын өркеңдетуге үлкен мән берілді. Мысалы, осы саланы қолдау үшін республикалық бюджеттен 2006-2008 жылдары облысымызға 33 млрд. теңгеден астам қаржы келді. Оның 12 млрд теңгеден астамы 2008 жылы игерілді. Яғни, 4 млрд 188 млн. теңгесі тауарөндірушілерге субсидия арқылы қолдау жасауға төленді.
Айтпақшы, «Көл» аймағындағы базарды көшіру ісін жұрт «Шөкеевтің қолтаңбасы» деп бағалап жүр. Әрине, түбегейлі көшіріп, бұрынғы базар орнынан гүлзар жасау жобасы Өмірзақ Естайұлының тұсында қолға алынды. Дегенмен, базарды көшіру ісін бастаған Болат Жылқышиев болатын. Жылдар бойына жұмыс жасап, орнығып қалған сауда қатарын бір күнде көшіру оңай емес. Содан да болар, Жылқышиевтің тұсында бұл жобаның тиімділігі турасында ел арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз жұмыс істеп отырған сауда қатарларының қабырғасы біртіндеп сөгіле бастаған. Ал Шөкеев батылдық танытты. «Көшіріледі!» деді. Көшірілді.
Қарап отырсақ, Шөкеев облысты 11 ай басқарыпты. Толық бір жыл да емес. Соның өзінде талай өзгерісті жасап үлгерді. Оңтүстікке сол кезеңде осындай басшының келгені керек те еді. «Бұл Президенттің мәселені арыдан болжай білетіндігінің айғағы. Оңтүстікті аз уақыттың ішінде өркендете алатын адамды дәл тауып жібере алды. Себебі Шөкеев Үкіметке де керек адам».
Халық осындай ой түйді.
Ө.Шөкеев 2007 жылдың 27- тамызында Астанаға қайта шақырылды. «Үкіметке керегі» рас боп шықты. Орнына кім келер екен деп елеңдесуді жақсы көретін оңтүстік жұртшылығы Нұрғали Әшімов келгенде аса әбіржи қоймады. Үркімбаевтың тұсында Оңтүстікте басшылық қызметте болған азамат ретінде қабылдады. Оның үстіне, Шөкеев Қостанай облысында әкім болған кезде Әшімов оның орынбасары болды. Шөкеев Үкіметке кеткенде Қостанайдың әкімі болып тағайындалды. Осыдан барып, Оңтүстікке келген Әшімовты «Шөкеевтің кадры, өзінің орнына сенетін адамын қойып кетті» деп қабылдады.
Мәдениеттілігімен ерекшеленген Әшімовте мәселені Шөкеев сияқты белден басып шешу әдістері болмады. Әшімов басшылық еткен уақытта елдің есінде тек оның аса сыпайылылығы көбірек қалған. Дегенмен Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен бізге келген Нұрғали Садуақасұлы Шымкентте Абайды жаттаған, Ақұштап Бақтыгерееваның жырларын оқитын қырымен танылды.Жылқы жануарын жақсы көретінін білді ел.
Ең бастысы ауграрлық сектордың серпінді дамуына бұл әкім де өзіндік үлесін қоса білді. 2008 жылы 17 ауылдық несие серіктестіктері арқылы ауыл шаруашылығы өндірісіне облысымызда 2 млрд 201 млн., «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 727 млн., «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» акционерлік қоғамымен 70,0 млн., “КазАгроҚаржы” АҚ арқылы 1854 млн. теңге несие берілді.
Кез-келген ортада өзін сыпайы ұстап, жымиып қана отыратын Нұрғали Әшімовтың 2005 жылы «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен наградталғанын көп адам біле бермейтін. «ТұранӘлемБанкінде» басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Экономика және сауда министрінің орынбасары болып ысылған, саясатқа да, экономикаға да білімі жетік, Мәскеу институтын тәмамдаған мәдениетті әкімнің тұсында Шымкенттегі цемент зауытының экологияға тигізіп отырған зардабы көтеріле бастаған. Көп ұзамай Әшімов еліміздің бас экологы болып ауысты. Цемент зауытының қоршаған ортаға тизігіп отырған зардабы туралы әңгіме де шешімін тапқандай.
2009 жылдың 4- наурызында ҚР Президентінің №761 Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып Асқар Исабекұлы Мырзахметов тағайындалды. Ауыл шаруашылығы саласының білгірі. 1991-1997 жылдары Орта Азия және Қазақстан бтржа Қауымдастығы Басқармасының Қазақстан кәсіпкерлері форумы Кеңесінің төрағасы болған азамат. Біржарым жылдай еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болған. Ауылшаруашылығынан бөлек сыртқы саясатыңды, кәсіпкерліктің қыр-сырын жете меңгерген маман. Оңтүстікке әкім болғанға дейін де есімі белгілі болатын.
Екі жылдай «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясын басқарды. Облыстағы тамшылатып суғару, жылыжай ашу жобаларын жүзеге асыра бастаған корпоорацияның жұмысы республикада өзгелерге үлгі ретінде жиі айтылатын кез. Өзге өңірлерде құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациялармен салыстырғанда «Оңтүстік» ӘКК-ның тасы расында да өрге домалады. Содан да болса керек, Асқар Исабекұлы әкім болып тағайындалғанда ауылшаурашылық саласы дамитынына тұрғындар күмән келтірмеді.
Алайда, Асқар Мырзахметов саланы дамытуға бірден кіріскен жоқ. Алдымен ауыл шаруашылығына қажетті жерді түгендетті. Соның арқасында біқатар пайдаланылмай жатқан жер көлемі анықталды.
2008 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 146 млрд 912 млн. теңгені, одан егін шаруашылығы 81 млрд 621 млн., мал шаруашылығы 65 млрд 291 млн. теңгені құрады. Ал 2009 жылдың 11 айында 151 млрд 62 млн теңге, одан егін 85 млрд 738 млн., мал шаруашылығы 65 млрд 324 млн теңгеге жетті.
Тамшылатып суғару әдісін ендіру бойынша облыста нақты жұмыс жасалынып, 2009 жылы 2000 гектарға жетті. Бұл көрсеткішті 2014 жылы 30000 гектарға жеткізу жоспарлануда.
Мал шаруашылығы саласында да ілгерлеушілік бар. Мал басын көбейту қолға алынған. Бүгінгі таңда 118 шаруашылық мал тұқымын асылдандыру қызметімен айналысады.
Бір ғана мысалды алып қарайтын болсақ, 2009 жылдың соңында облыста 2008 жылмен салыстырғанда ірі қара мал-4 (790 мың), қой-ешкі- 6 (3712 мың), жылқы-6 (155 мың), түйе- 3 (17 мың) , құс- 2 (364 мың) пайызға және ет- 2 (140мың ),сүт- 2 (566 мың), жұмыртқа –2 (77,7 млн дана), жүн – 4(6,6 мың) пайызға артты. Бұл көрсеткіш жыл артқан сайын көбейіп отыр.
Ел «облысқа шаруаның жайын білетін нағыз маман келді» десті.
Облыстағы 900 елді-мекенде Мырзахметов бармаған ауыл, көп болса саусақпен санарлық шығар. Мұны айтып отырғанымыз Мырзахметов облыстың әлеуметтік картасын жасатқан алғашқы әкім. Соған қарай қай ауылға бірінші кезекте мектеп керек, қай ауылға емхана керек, қай ауылға газды биыл, суды келесі жылы апару керек деген мәселенің барлығы да сол әлеуметтік картада көрініс тапты. Соған қарай, алдымен зәрулік орындалып, қалғаны жоспарға сай біртіндеп жүзеге асырылуда. Ауылдағы ағайынның жылдар бойы айтып жүрген таза ауыз су мәселесі де шешілуде.
Биылдың өзінде жыл соңына дейін 70 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп отыр. Осылайша биыл барлық ауыл ауызсумен толық қамтылып, келесі жылдан бастап, су құбыры ескірген ауылдарға көніл бөлінбек
Ал Президенттің Шымкентті республикадағы үшінші қалаға айналдыру тапсырмасын орындауда облыс орталығында бірқатар жобалар жүзеге асты. Ол ел аузында.
Үдемелі инновациялық жобалар жайын газетіміздің өткен номірлерінде бірнеше рет сөз еткенбіз. Биылдың өзінде бұл сала бойынша облысымызда 63 жоба жасалып, оның басым көпшілігі іске қосылды. Қалғаны жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.
Шегініс:
Әкімдік жүйеде қызмет еткен талайлар болды. Тіпті, аудан әкімдерін сайлау тәжірибесі де өтті біздің облыста. Сайлау арқылы Арыс қаласының әкімі болып Серік Тәукебаев, Мақтаарал ауданының әкімі болып сол ауданды бұған дейін де басқарып келген Омарбай Нұржанов, Түлкібас ауданының әкімі болып Ерғали Сарманов, Созақ ауданының әкімі болып Әлібек Бектаев сайланды. Халық таңдады деген күннің өзінде деғ марқұм Ерғали Сармановтан өзгелері аудан басшылығында ұзақ отырған жоқ.
Айта кету керек, 20 жылда аудан басқарған, облыс әкімінің орынбасары болған азаматтардың бірқатары әлі де осы жүйеде қызмет етіп жүр. Дегенмен, осы жүйеден көрінбей кеткендері де аз емес. Мыслаы, Шымкент қаласының әкімі болған А.Тшан, Бекжігітов, қала, облыс әкімдерінің орынбасары болған Қ. !збасхановтың қазіргі кезде қайда жүргенін ел тап басып айта алмайды. Олардың да 20 жылда ел тәуелсіздігін баянды етуде қосқан үлестері бар.
Ал, кезінде аудан басқарған С.Әбдіқұлов, Е.Сатқанбаев, К. Төлебаев, Ә.Мақұлбаев, Ғ.Жұмжаев, А.Ахметов, Б.Жүзенов, Б.Көшербаев, С. Ибудуллаев, Қ.Оспанбеков, М.Әлі, М.Махалов бүгінде республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі басқармалардың, кәсіптік-техникалық білім ордасының басшылары. Бәйдібек, Сарыағаш аудандарын басқарған Жамбыл Байғонв та бұл салада көрінбей кетіп еді, жуырда Шымкенттегі Абай ауданының әкімі болып тағайындалды. Мұны айтып отырғанымыз, 20 жылда облысты басқарған 8 әкімнің жанында осындай азаматтар қызмет етті. Олай болса, жоғарыда сөз еткен жетістіктерге қол жеткізуде олардың да үлесі болды, ортақ қолтаңбада саусақтай болса да ізі бар демекпіз.
Сонымен бірге, көзге көрінгенді қалт жібермейтін халықтың аузында әкімдердің мінез-құлқы, әдеттегі дағдысы, сөз қолданысы да ұза-а-а-а-ақ жатталып қалады екен. Мысалы, Бердібек Мәшбекұлының мінезіндегі қарапайымдылығын, сөзіндегі «Мен ойлаймын» дегенді жиі қолданатыны, Б. Жылқышиевтің сенімді түрде қадам жасайтындығын (жүрісін) » м-м-м, да!» дегенді жиі айтатынын осы мақаланы жазу барысында пікірлескен, сөйлескен, көзқарасын білдірген азаматтар баяндап берді. «Қазіргі әкім ше? ол қандай сөзді жиі қолданад?» дейміз ғой, журналистік қызығушылықпен. Сондағы естігеніміз мынау болды: «Қазіргі әкімнің езу тартуы өте сирек. Алқалы жиындарда, қол астындағы қызметкерлерге тапсырма беруде » е, алло!» дегенді жиі қолданады. Сондай-ақ, «Мырзахметовтың ең жиі қолданатын сұрағы «Қашан?». Онысы нақтылықты, дәлдікті талап ететіндіктен де болар» дейді.
Мұның өзі ел басқарып отырған әкімдердің елдің әл-ауқатын көтеруді бірінші міндеті санайтын қызметте отырғанымен жұмыр басты пенде екендігін де көрсетсе керек. та солай, орман екі рет келді, кенжехан төлебаев та басқарма бастығы болып қалды сол сияқтылар көп қой , Тшанов,
Жәмила Мамырәлі
P.S: Тақырыпты тарқатып, әкімдердің әрқайсысына аз-кем тоқталғандағы мақсатымыз елдің алдында билік еткен азаматтардың кем-кетігін табу, немесе көпе-көрнеу мақтау емес-ті. Болған жайтты, жүзеге асқан жұмысты қаз-қалпында баяндау. Егемендік алған елдің 20 жылында не атқарылды? Қандай қиындықты бастан өткердік? Есімізге түсірейікші…деген ой бірінші кезекте тұрғаны рас. Біз ұмыт қалдырған жәйтті халық ұмытпасы анық. Сол себепті де газетіміздің негізгі мақсаты қарапайым халықтың пікірін біліп отыру дағдысынан ауытқымадық. Қалғанын ел айтсын!
(Тақырыптың толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінің №44-45 нөмірлерінен оқи аласыз)
Тақырыпқа байланысты оқырмандар пікірі:
Ыбырай Мәтібаев, ОҚО облыстық аппеляциялық сот алқасының судьясы:
— Мен Оңтүстікке қызмет бабымен 4 жыл 10 ай бұрын көшіп келдім. Алғашқы жылдары «Фиркан» дүкені орналасқан маңдағы үйлердің бірінде пәтер жалдап тұрдым. Шынымды айтсам, «көшелері түнде тас қараңғы, тротуары жоқ бұл қандай қала өзі» деп таңқалатын кезім көп еді. Көп ұзамай облысқа Шөкеев әкім болып тағайындалды. Барлығы өзгеріп шыға келді. Жол жөнделіп, жарықтандырылды. Дегенмен, ол кеткен соң қаладағы тәртіп қаз-қалпына түсті. Әсіресе, Қабанбай батыр даңғылын 3 ай жөндегенін көріп, қатты қынжылдым. Күн сайын шаң-тозаң, техника сарылып тұрады, жұмыс баяу жүргізілді. Шөкеевтің кезінде 3 аптада бір көшенің құрылысы бітетін, Әшіміовтың кезінде Қабанбай батыр даңғылының құрылысы 3 айға созылды.
Өз басым, облысты қазір басқарып отырған Асқар Мырзахметовті іскер әкім деп білемін. Қараңызшы, анау «Тәуелсіздік саябағы», «Даңқ» мемориалдық ескерткіштер кешені…айтуға оңай болғанмен, соны ұйымдастыра білу, қаржы табу оңай шаруа емес. Одан бөлек, ауыл шаруашылығына жасап отырған қамқорлығы, диқандарды қаржылай қолдауда атқарып жатқан жұмыстарын ерекше айтуға болады.
Төрегелді АМАНБАЙҰЛЫ, Кентау қаласының тұрғыны:
— Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде облысты басқарған сегіз әкімнен мен үшін шоқтығы биік болып қалғаны Болат Әбжапарұлы Жылқышиев дер едім. 2002-2006 жылдары облыс орталығының тізгінін ұстауға Кентау қаласының әкімі қызметінен көтерілген Б.Жылқышиевтің кеншілер қаласы үшін жасаған жұмыстары айтарлықтай. Ол әсіресе қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларын реттеп, ойын алаңшаларын жаңартуға сүбелі үлес қосты. Сол шақтарда Кентауда күн санап артып бара жатқан қылмыс санын азайтуға атсалысып, оны болдырмау үшін футбол алаңшаларын салдыртты. Қысқасы, Б.Жылқышиев тұралап тұрған Кентауды аяғынан тік тұрғызуға қажыр-қайратын салған азамат деп ойлаймын. Менің айтып отырғаным бұл бір ғана Кентауда жасалған тірлік. Осы сынды облыс көлемінде де көптеген жұмыстардың жасалғанына ел куә.
Кенжетай Жолымбек, Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Басқа әкімдерді саралап, таразылап жатқым жоқ. Ауылға су апарған, мектебі жоқ елдімекендерге мектеп салдырған Асқар Мырзахметовтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Әрине, «Бұл Президенттің «100 аурухана, 100 мектеп бағдарламасы» аясында жүзеге асып жатыр ғой дейтіндер табылады. Бірақ, Елбасының өңірдегі сенімді өкілі ретінде берілген тапсырманы тиянақты орындаған, жүзеге асырған азаматтың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Президенттің, Үкіметтің тапсырмасын орындай алмай отырған өңір әкімдері де бар ғой.
Жақында Қызылорда облысының Жалағаш, Қазалы аудандарында қонақта болдым. Дәл біздегідей атқарылып жатқан жұмысты, біздегідей көркеюді кездестіре алмадым. Ол жаққа да Президент тапсырмасы, Үкіметтің нұсқауы түсіп жатқан болар. Бұл жерде айтайын дегенім, елдің қамын жеген басшы бар күшін сол елді гүлдендіруге, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға жұмсайды. Осы тұрғыдан алғанда Асқар Исабекұлына ауылдағы ағайынның айтар алғысы көп. Біздің ауданымызда Мәдени ауылына 1200 орынды үлкен мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілді, одан бөлек ФАП, ауыз су құбыры құрылыстары жаңданды. Ауылдар газдандырылып жатыр. Бұдан басқа не керек?!
Зәуре МЫРЗАҚҰЛОВА, облыстық клиникалық аурухана медбикесі:
— Ел есінде қалардай елеулі әкімдер облыста аз болған жоқ. Алайда Ө.Шөкеев облысқа әкім болғанда көптеген жұмыстың атқарылғанын бір мен емес, бүкіл жұртшылық біледі. Әсіресе жол мәселесін шешіп бергені есімде. Сондай-ақ жекеменшікке өтіп кеткен балабақшалар мен саябақтар қайтарылды. Осылайша Оңтүстік тұрғындарының еңсесін көтеріп, өз қолтаңбасын қалдырып кетті. Ал қазіргі әкім А.Мырзахметов те жемісті жұмыстар атқарып жатыр. Атап айтсақ, неке сарайы бой көтеріп, зауыттар қайта іске қосылды. Жастар да жұмыспен қамтылуда. Ауылдық жерлерде су құбырлары жүргізіліп, пайдалануға беріліп те үлгерді.
Ғалым МАЙМЫШЕВ, ХҚКО-ның операциялық зал басшысы:
— Оңтүстік өңірін 20 жыл ішінде басқарған әкімдердің барлығы да қолдарынан келгенінше жұмыс жасап кетті. Солардың арасында Б.Жылқышиев пен Ө.Шөкеевтің есімдері ғана ел есінде ерекше жатталып қалды деп ойлаймын. Себебі Б.Жылқышиев «Нұрсәт» шағынауданын салу арқылы көпшіліктің көңілін таба білді ғой. Ал Шөкеев бас-аяғы 8 айдың ішінде жол жөндеу мәселесін шешіп кетті, яғни қаламыздағы 60 жолды жөндеді. Онымен қоса аудан, қала гүлденіп, ескерткіш, тарихи мұражайлар мәселесі қолға алынды. Бүгінде облысты басқарып отырған А.Мырзахметовтың еңбегіне ел оң бағасын беріп отыр. Әр айда емес, апта сайын облыс көлемінде бір нысан ел игілігіне беріліп жатады. Қай салада болса да облыс басшысы аянып жатқан жоқ.
Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті (млн.теңге есебімен):
2009 жылы -198 066,1
2010 жылы — 228 910,6.
2011 жылы -269894,9
Артық болмас білгенің…
Облыс бойынша 2009 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 636 мың гектарға орналастырылып, 469 мың тонна га дәнді дақылдар, 2008 жылмен салыстырғанда 2 есеге, 634 мың тонна көкөніс алынды.
Облыстағы жылыжайлардың егіс көлемін 2014 жылы- 334 га жеткізу межеленген.
2011 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыста 262,1 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді.
Жыл басынан жаңа кәсіпорындардың ашылуы, өндірістің кеңеюуі есебінен – 6453 жаңа жұмыс орындары ашылды.
2011 жылдың 1 қазанына облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара мал саны – 909,2 мың басты, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне – 105,3%, қой – 3794,2 мың бас, немесе 104,3%, жылқы – 188,1 мың бас, немесе 111,6%, түйе – 20,6 мың бас, немесе 116,2%, шошқа – 45,6 мың бас, немесе 113,5%, құс саны – 2700,8 мың бас, немесе 109,9% құрады.
«Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде фермерлік шаруашылықтарды дамытуға 2011 жылы 3000 бас аналық ірі қара мал сатып алыну жоспарланса, бүгінге 50 жоба қаржыландырып, 586 млн. теңгеге 3755 бас ірі қара мал сатып алында.
Ағымдағы жылдың 9 айында облыста сиымдылығы 43 мың тонна құрайтын қоймалар салынып, жалпы сыйымдылығы 93 мың тоннаға жетті.
2011 жылдың 1 қазанына облыс рыногында белсенді жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 113,1 мың бірлікті, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнімі (тауарлары, көрсеткен қызметі) 334,5 млрд. теңгені, жұмыспен қамтылғандар саны 305,9 мың адамды құрады.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2011 жылдың 1 қазанына «Максимум» АИО» ЖШС жалпы сомасы 4,1 млрд. теңгені құрайтын 1901 жоба мақұлданып, 3,1 млрд теңгеге 1792 жобасы қаржыландырылды.
Инвестиция саласы. 2011 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыс экономикасын дамытуға, бағалау есебімен негізгі қорға 171,3 млрд. теңге инвестиция бағытталды, немесе 2010 жылдың тиісті кезеңіне – 108,4% құрады.
Республикалық бюджет қаржыларының үлесі 20,4%, немесе 34860,7 млн. теңге, жергілікті бюджет қаржыларының үлесі 18,2%, немесе 31214,2 млн. теңге, шетелдік қаражаттар – 18,4%, немесе 31481,6 млн.теңге құрады.
Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға берілген несиелердің көлемі 13037 млн. теңгені құрады, немесе 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64,3% артық.
Екінші деңгейдегі банктер несиесі негізінен – жеке тұлғаларға тұтыну мақсатында несие салымдарының жалпы көлемінің 35,8%, өнеркәсіпке – 17,6%, сауда саласын дамытуға – 21,6%, ауыл шаруашылығына – 0,7%, құрылысқа – 9,8%, көлікке – 5,1% және басқа да салаларға – 9,2% берілген.
2011 жылдың қыркүйегінде облыста, тұтыну бағаларының нақты көлем индексі 2010 жылдың желтоқсанына 106,1% құрады.
Халықты әлеуметтік қорғау. 2011 жылдың басында аз қамтамасыз етілген азаматтардың саны 25288 адамды, немесе облыс халқының – 1,0% құрады. 2011 жылдың 1 қазанына олардың саны 38,5 % төмендеп, 15543 адамды құрады.
2011 жылдың 1 қазанына 25,6 мың азаматқа 186,1 млн. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
18 жасқа дейінгі 213,4 мың балаға 2331,4 млн. теңге жәрдемақы төленді. Тұрғын үй көмегі 5756 отбасыға 83,2 млн. теңге тағайындалып, төленді.
2011 жылдың 1 қыркүйегіне облыс халқының саны 2605,7 мың адамды құрады, (2010 жылдың сол айына – 2549,6 мың адам) оның 1020,0 мыңы қала халқы (39,1%), 1585,7 мыңы – ауыл халқы (60,9%).
2011 жылдың 2 тоқсанында облыста экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 1162,9 мың адамды, жұмыссыздар — 66,8 мың адамды, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,7% құрады.
2011 жылдың 1 қазанына жұмысқа орналастыруға өтініш білдірген 32,7 мың жұмыссыздың – 27,9 мыңы, немесе 85,5% жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық ақылы жұмыстарға 8801 ресми тіркелген жұмыссыздар тартылды.
2011 жылдың тамызында облыс халқының орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 29997 теңгені құрап, 2010 жылдың тамызымен салыстырғанда 14,9%-ға жоғарылады, нақты ақшалай табысы 5,9%-ға өсті.
Денсаулық сақтау саласын дамытуға 59 нысанның құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттің есебінен 3511,7 млн. теңге қарастырылған. 2011 жылдың 1 қазанға жалпы 2851,5 млн. теңге игерілді.
Облыстық бюджеттен 42 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 2842,4 млн. теңге қарастырылған.
28 мекеменің жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін 2011 жылы облыстық бюджеттен – 105,2 млн. теңге, оның ішінде 2 медициналық колледжге — 15,3 млн. теңге қарастырылған.
Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында республикалық бюджет есебінен 1681,2 млн.тенге, облыстық бюджет есебінен 3419,0 млн. теңге, оның ішінде 33,6 млн. теңгесі 3 медициналық колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қарастырылып отыр.
Облыста 58959 тәрбиеленушісі бар 565 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері жұмыс істейді, оның 354-і балабақша (68-і жекеменшік балабақша) 211-і шағын орталықтар (40 жекеменшік).
Облыс бойынша Интернет жүйесіне 960 мектеп қосылған, оның ішінде 774– ауыл мектептері.
1018 мектеп, оның ішінде 826 ауыл мектептері – байланыс жүйелеріне қосылған. Интернет желісіне қосылған жалпы білім беру мектептерінің үлесі байланыспен қамтылған мектептердің жалпы санының 94% құрайды. Облыс мектептері 30,5 мың бірлік компьютерлік техникамен жабдықталған, немесе бір компьютерге 17,2 оқушыдан келеді.
Спутниктік оқу телеарналары арқылы қашықтықтан оқыту жүйесіне 460 мектеп қосылған. Облыс мектептері 592 мультимедиялық-лингафондық кабинеттермен жабдықталған және 286 мектепке 1100 интерактивті тақталар орнатылған.
«Оңтүстік Рабат» газетінің анықтамасы: Облыс әкімінің ресми сайты — ontustik.gov.kz