Жамал апамыз»Алтай» әнін қайта-қайта айтып қартайса, шымкенттіктер жылуды жыр қылып «жерге жантаятын» болды. «Күншығыс» шағынауданының тұрғындары сайтымызға пәтерлеріне әлі күнге дейін жылу келмей, тоңғандықтарын жазып, шағымданған болатын. Арнамыздың түсіру тобы олардың үйлеріне арнайы барып, мәселені көзбен көріп қайтты.
Онда қазір 5, 6, 8, 9, 11, 11А, 12, 13, 21, 37-ші сынды жалпы саны 21 үйдің тұрғындары қат-қабат киініп алған. «Күншығыстық» қарттардың бірі соғыс кезінде окоп қазып жүріп бұлайша жаурамағанын айтса, келесісі 96,97,98 жылдарда Шымкенттің жылусыз қалған кездерінің қайта келгенін баяндайды.
Антонина ИВАНОВА, «Күншығыс» шағынауданындағы №8 үйдің тұрғыны:
«Мен үйімді көгілдір отын жағу арқылы мүлдем жылыта алмаймын. Одан шыққан алаудан тұншығып қалам. Сөйтіп, электр пешін қосамын. Сенесіз бе, өткен айда берілмеген жылу үшін де ақша төледік. Қолымда тіпті оның түбіртегі де бар. Мойныңа асып қойған «қарызыңды» өтемеске амалың да жоқ. Әйтпесе, қыс бойы қатып қалатын түріміз бар суықтан».
Енді бірі көз алдымызда мұндай жағдайда өмір сүргісі келмейтінін айтып көз жасын сығып алды. Тұрғындардың арасынан бір кейуана таяуда ғана жылытудың амалын көздеген бір отбасы көгілдір отынмен жұмыс істейтін пешін жағамын деп уланып қалып бала-шағасымен бірге токсикологиядан бір-ақ шыққан. Ия, ия, мұны бізге тоңып отырған тұрғындар айтты. Жылудың бітпейтін «жыр» нәтижесі осындай.
Бақберген КҮЗЕМБАЕВ, «Күншығыс» шағынауданындағы №5 үйдің тұрғыны:
«Кеше Әкімдіктің азаматтары жылудың берілген-берілмегені жөнінен үйімізді аралап келді. Мен оларды пәтеріме кіргізіп, батареялардың мұздай екенін көрсетіп, жылудың расында да берілмегенін дәлелдедім. Мұнан соң олар жылуберушілерге хабарласып, неліктен жалған ақпарат бергендіктерін сұрады. Сонда қалай жылу берушілердің бізді адам қатарына қоспағаны ма? Оларға тек қағаз жүзіндегі «жылу бар» деген жазбасы болса болды ма?! Осыны ойлап қынжыламын».
Мәселенің мән-жайын анықтаған соң «3-Энергоорталықтың» мамандарына хабарластық. Айтуларынша, құбырлардың жарылуы салдарынан осындай олқылықтар орын алыпты. Тағы қосарымыз, жылусыз отырған тек «Күнгығыс» шағынауданының азаматтары емес екен. Бүрсең қаққандардың қатарын Ш.Уәлиханов пен Республика көшелерінің бойындағы үйлердің тұрғындары да толықтырып жатқан көрінеді.
Жарқынбек ӘЛІМБЕТОВ, «3-Энергоорталық» АҚ бас директорының бұқарамен байланыс жөніндегі орынбасары:
«»Күншығыс» шағынауданына қарашаның 1-нен бастап негізінен жылу беріле бастаған. Өкінішке орай, жылуды беру барысында бір құбыр жарылып тұрғындар уақытша жылусыз қалды. Құбырларды жамап жүрген нысандағы қызметкерлеріміздің сөзінше, жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгіннен қалмай «күншығыстықтар» толықтай жылумен қамтылатын болады».
Қыстың қамын жаз ойламағандардың кесірінен осылайша шымкенттіктер зәбір шегуде. Жұмыстар біткенше электр және газбен жұмыс істейтін пешіңізге Құдай қуат берсін деңіз.